«807 ауылды су басу қаупі бар» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 25 наурыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Айқын» басылымы отбасылық бизнестің ел экономикасына тигізер пайдасы және оның болашағы жайлы шығыстанушы ғалым, Ыстамбұл университеті экономика факультетінің магистрі Ислам Жеменей мырзамен сұхбат құрған.
«Біз отбасылық бизнес жайлы не білеміз? АҚШ-та экономикалық қызметтің жартысынан астамы отбасылық бизнестің үлесінде. Расымен де солай, тағы бір анығы бұлардың басым бөлігі шағын кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүргендер. Оңтүстік Кореяда да отбасылық бизнестің бірнеше түрінің даму қарқыны ерекше. Қазір күллі әлемге танымал Samsung корпорациясы бір отбасының бизнесі екеніне сенесіз бе?», - делінеді «Ауылды дамыту көзі - отбасылық бизнес» атты материалда.
Samsung бүгінде тек қана электроника саласында емес, Оңтүстік Кореядағы сақтандыру жөніндегі алып компанияның бірі. Фэшн-индустрия мен өндірістік компаниялар да осы корпорацияның құрамында табысты еңбек етіп келеді. Біздің айтып отырғанымыз бір ғана Samsung корпорациясы болса, бұдан басқа да Hyundai және LG сияқты әлемге танымал 40-қа жуық компания бүгінде корей елі экономикасын көтеріп тұр. Өткен жылы Оңтүстік Корея корпоративтік табысының үштен екісін төрт ірі корпорация қамтамасыз еткенінің өзі көп жайтты аңғартса керек. Шындығын айтқанда, өткен ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік Корея экономикасының дамуында осы - кәсіпкерлік саласының үлкен үлесі болды. Италияда бизнестің 85 пайызы, ал Жапонияда 90 пайызы отбасылық бизнестің еншісінде. Мұндай айрықша дәстүр қазақстандық отбасылық бизнес саласында әзірге кездеспейді.
«Айқын» газетінің хабарлауынша, соңғы 10 жылда туберкулезге қарсы кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде Қазақстанда аталған індетке шалдығу көрсеткіші 2,2 есе, ал одан болатын өлім-жітім 5 есе қысқарған.
«Қазіргі таңда елімізде туберкулезге қарсы іс-шаралар Үкіметтің 2014 жылы 31 мамырда бекіткен «ҚР туберкулезге қарсы күрес жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» шеңберінде жүргізіліп жатыр. Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының мәліметтеріне сүйенсек, 2015 жылы құрт ауруына шалдығу көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға, ал одан болатын өлім-жітім 22,4 пайызға төмендеген. Негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер халықтың барлық жастағы топтары арасында қысқарған»», - делінген «Туберкулездің түйткілі шешіледі» атты мақалада.
- Диагностиканың жаңа түрлері болса, оның барлығы Қазақстанда енгізілген. Соның нәтижесінде қазір елімізде туберкулезден болатын өлім саны 5 есеге, ал індетке шалдығу 2,2 есеге азайды. Туберкулез деп жалпылама айтқанымызбен, оның дәріге төзімді және төзімсіз түрлері болады. Дәрілер де 5 топқа бөлінеді. Бірінші топқа жақсы әсер ететін, туберкулез таяқшаларын өлтіреді деген дәрілер жатады. Ал аурудың көп дәріге төзімді түрін тек туберкулездің екінші қатардағы дәрілермен емдеу керек. Бұл ұзағырақ емделеді. Сезімтал туберкулездің емделу курсы 6-8 ай және оған 3-4 дәрі жеткілікті болса, көп дәріге төзімді түрі екі жылдай емделеді және дәрінің 6-7 түрі қолданылады. Бізде дәрілерге бюджеттен ақша бөлініп отыр. ДДСҰ стандарты бойынша науқастардың 85 пайызы ем алу керек. Ал біз мұны қазір 99 пайызға жеткізіп отырмыз. Туберкулездің диагностикасы да, емі де тегін. Жыл сайын елімізде халықтың 50 пайызы, яғни 17 миллиондай тұрғын болса, соның 8 миллионы флюроскиринингтен өткізіліп тұрады. 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына науқастарды дәрімен қамтамасыз ету, диагностиканың соңғы түрлерімен қамту, профилактика жасау міндеттері кіреді, - дейді Туберкулез проблемалары ұлттық орталығы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Эльмира Берікова.
***
«Егемен Қазақстан» газеті Парламенттің бесінші шақырылымындағы бесінші сессиясының кешегі өткен соңғы жалпы отырысында қаралған заң жобаларына тоқталып отыр.
«Күн тәртібіне енгізілген мәселелердің арасында кейбір заңнамалық актілерге тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырған заң жобасы бірінші оқылымда қарастырылды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың пәрменді тетіктерінің қатарында тауарларды қайтаруға және ауыстыруға қойылатын талаптар жетілдірілгенін айтты. Атап айтқанда, деді ол, тұтынушының тауардың кемшілігіне қатысты талаптарды қою мерзімдері белгіленді. Жұмыс атқару мен қызметтер көрсету жағдайлары нақтыланды. Сонымен қатар, орындаушының қасақана жасырған кемшіліктері анықталған жағдайда талаптар қою мерзімдері ұлғайтылды», - делінген «Тұтынушылар құқығын қорғау - көкейкесті мәселе» мақалада.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Т.Абайділдин жасады. Заң жобасы шағын талқылаудан кейін бірінші оқылымда қабылданды. Алайда, Т.Абайділдин оны екінші оқылымға шығару туралы ұсыныс жасап, сенаторлар оны қолдаған соң заң жобасы екінші оқылымда да қабылданды. Сөйтіп, тұтынушылар құқын қорғауды жетілдіруге тиісті құжат Президенттің қол қоюына ұсынылды.
***
«Түркістан» басылымында «807 ауылды су басу қаупі бар» атты мақала жарияланды.
«Биылғы көктем де елді біраз әбігерге салатын түрі бар. Өткен аптада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің сөзінен түйгеніміз - осы. Төтенше жағдайлар комитеті жұртты тағы түңілдірмей ме?», - деп күдіктенеді газет.
Комитет төрағасы биыл тағы да аяқ астынан өзендер арнасынан асып, былтырғы жағдай қайталанса, жергілікті әкімдіктер жауапты болады деп қазірден басын арашалап алды. Су жинайтын тоғандар мен бөгеттер де біздің құзыретімізде емес деп құтылды.
«Бүгінгі таңда 1300 гидроқұрылғы бар. Олардың 500-ден астамы жөндеуді қажет етеді. Нақтылай кетейін, апатты жағдайда емес, тек жөндеуді қажет етеді. Тоғандар мен бөгеттерге Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты. Ал 48 бөгет әлі күнге иесіз», - деді ол.
«Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді қазақ. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, биыл еліміздің түкпір-түкпіріндегі 807 елді мекенді су басу қаупі бар. Мамандар су деңгейі көтерілуі мүмкін делінген аймақтарды белгілеп, сақтыққа көшкен. Апаттардың алдын алу жұмыстары 1 млн 250 мың тұрғыны бар бірнеше өңірді қамтымақ. Барлық деңгейдегі әкімдіктер төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 276 отырысын өткізген. Сондықтан мамандар өткен жылғы жағдай қайталанбайды деп отыр.
«Казгидрометтің» алдын ала болжамына тоқталатын болсақ, биылғы көктемде Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында қар суының көлемі мол болуы мүмкін. Бұған қоса, тасқын су Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына да қауіп төндіруі ықтимал. Өйткені өзен бассейндері мен Жетісу және Іле Алатауы жоталарында жиналған қардың қалыңдығы өткен жылға қарағанда 1,5 есеге артық. Мамандардың сөзіне сүйенсек, ауа райы күрт жылынған жағдайда қызыл су басу қаупі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Есіл, Нұра, Сарысу жағасында орналасқан елді мекендерде де туындауы кәдік.
***
Қалалық фермерлік XXI ғасырдың тренді болмақ, деп жазады «Экспресс К» басылымы.
«Қазақстанда үйлердің шатырларында шалғам өсірілетін уақыт алыс емес. Ал әзірге «сити-фермерлер» саңырауқұлақтарды жертөлелерде жасырын өсіріп жатыр», - дейді газет «Грибы отсюда» атты мақалада.
Саңырауқұлақтарға керегі - көлеңке мен ылғал ғана. 200 шаршы метрлік жертөледе жылына 80 тонна саңырауқұлақ жинап алуға болады. Нарықтағы бағасы келісіне 500 теңге деп ескерсек, жылына 40 миллион шығады.
Ең басты кедергі - жертөледе саңырауқұлақ өсіру заңсыз. Бірнеше жыл бұрын Астана полицейлері жертөледе саңырауқұлақтарды өсіріп жатқан мигранттарды ұстаған болатын. Осындай заңсыз фермерлер Өскемен және Аөтөбе қалаларында да ұсталды.
«Дегенмен болашақ қалалық фермерлерлікте жатыр деп есептейді экологтар», - дейді «Экспресс К».