81 жастағы қария газға уланып қалды - Атырау

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 23 қаңтарда Жылыой ауданында жеке иеліктегі үйдің жылыту пешінен ақау шыққан.
Бұл туралы сағат 18:12-де хабар түскен.
«Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы Нұрманов көшесінде орналасқан жеке үйде 1941 жылғы қария улы газға уланып қалды. Соның салдарынан 81 жастағы қария аудандық орталық ауруханаға түсті. Дәрігерлер оған орташа ауырлықтағы улану диагнозын қойды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Оқиға орнында департаменттің Жылыой аудандық бөлімінен 1 қызметкер, «Жылыойгаз» ЖШС-нен 2 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 9 жасар бала жоғалып кетіп, кейіннен оның денесі судан табылғанын жазған едік.