9 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

9 мамыр, СӘРСЕНБІ
Кеңестер Одағы халқының 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен күні. 600 мыңнан астам қазақстандық бұл соғыстан оралмады.
Соғыс кезінде көптеген ғылыми-зерттеу орталықтары мен Мәскеу, Ленинград, Киев және басқа да қалалардың оқу орындары Қазақстанға қоныс аударды. Олардың ішінде физиология, микробиология, биохимия, шығыстану институттары болды.
Бүкіл соғысты басынан өткерген қазақстандық 12 дивизия құрметті атақтар алды. Олардың бесеуі - бір, төртеуі - екі, екеуі - үш орденмен марапатталды. Бес дивизия гвардиялық аталды, олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы атақты 8-гвардиялық дивизия бар. Жалпы Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының Батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді. 1941 жылы аға лейтенант Б.Момышұлы басқарған атқыштар батальоны мен И.В.Карпов басқарған 1075-атқыштар полкі Мәскеу түбінде ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізе отырып, өз позицияларын сақтап қана қоймай, сонымен қатар дұшпанға қарсы пәрменді шабуылға шығып отырды. Төрт қазақстандық Т.Ж.Бигелдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов және С.Д.Луганский 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Ұрыс кезінде қаза тапқан пулеметші М.Мәметова және мерген Ә.Молдағұлова Батыр атағын алды. Батыр атағын алғандар қатарында атқыштар Т.Тоқтаров, С.Баймағамбетов, С.Лутфиллин, Мин Сен Юр, артиллеристер С.Мүткенов, И.К.Новиков, ұшқыш Н.Әбдіров, минометші Қ.Сыпатаев, атты әскер М.М.Қаратаев, сапер П.И.Гончаров, политрук М.Ғабдулин, торпедалық катер командирі Б.П.Ущев және басқалар бар. 110 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері болды. Рейхстагқа шешуші шабуылға шыққан және Жеңіс туын тіккендердің ішінде қазақстандық Р.Қошқарбаев, капитан Б.В.Чупрета, минометші А.Бақтыгереев, пулеметші П.Е.Вицько, байланысшы К.М.Волочаевтар болды.
Еуропа күні. 1950 жылы мамырдың 9-ында Парижде Франция сыртқы істер министрі Робер Шуман Франция, Германия және басқа еуропа елдерінің көмір және болат құятын өнеркәсіп салаларын (әскери техника өндіру негіздерін) біріктіріп, оны жаңа ұлттық құрылым басқармасына беруге шақырды. 1985 жылы Милан саммитінде Еуроодақ көшбасшылары Шуман Декларациясын мәңгі есте сақтауға шешім шығарып, жыл сайын мамырдың 9-ын «Еуропа күні» деп бекітті.
Бүкіләлемдік жыл құстары күні (мамырдың 9-ы мен 10-ы).
Құстар тіршілігі - бүкіл өсімдіктер мен жануарлардың биологиялық әр алуан саласындағы жағдайлар мен үрдістер туралы пікір түюге мүмкіндік беретін үлгілі көрсеткіш. Қоршаған ортаның өзгерістерін саралау жұмыстарын жүргізгенде құстарды бақылау ерекше маңызды, өйткені оларды іс жүзінде планетамыздың барлық экологиялық жүйесінен кездестіре аламыз.
Өздерінің жылдық өрістері барысында қоныс аударушы құстар көптеген елдер мен құрлықтарды асып өтеді, кейбіреулері тундрадан тропикке ұшып өтеді, сөйтіп, түрлі экологиялық жүйелер арасында байланыстырушы буын міндетін атқарады. Жыл құстарын және олардың тіршілік ету орындарын сақтау арқылы біз биоалуандықты кеңірек көлемде сақтап қала аламыз.
Бүкіләлемдік жыл құстары күні алғашқы рет төрт жыл бұрын Африка-еуразиялық жыл құстары келісімі (САЕВП) және Көші-қон жануарлары конвенциясы (КМЖ) хатшыларының бастауымен атап өткізілген, олардың есептеуі бойынша жоғары ақпарат беретін жаһандық кампанияны бастау керек, және де жыл құстарын қорғап сақтайтын міндетті адамдардың іс-қимылын шабыттандыру қажет.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
172 жыл бұрын (1840) Аякөз өңіріне метеорит құлады. Түскен жеріне байланысты «Қарақол» аталған ол метеориттің сынығы алдымен Семейге, артынша Петербургке жеткізілді.
20 жыл бұрын (1992) Петропавл қаласындағы Коммунистік көшесіне Мағжан Жұмабаевтың есімі берілді.
11 жыл бұрын (2001) Астана қаласында «Отан-Ана» Отан қорғаушылар монументі ашылды.
5 жыл бұрын (2007) Жеңіс күні Семейден 70 шақырымдық жерде орналасқан Шаған стансысында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ескерткіш ашылды.
Монумент екі метрлік тақтадан жасалған, онда майданға аттанғандардың аты және әскери тақырыптағы сурет қашаланып жазылған. Ұлы Отан соғысына осы бекеттің 90 тұрғыны қатысқан.
3 жыл бұрын (2009) Қазақстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей және Тәжікстанның ең ірі жастар ұйымдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Жастар кеңесі құрылтайының конференциясына қатысты.
Конференцияның қорытындысы бойынша ШЫҰ Жастар кеңесiн құру туралы декларацияға қол қойылды және 2009-2010 жылдардағы жұмыс жоспарлары бекітілді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесiн құру туралы шешiм қатысушы-елдердің жастар ұйымдарының кезектi кездесуiнде Санкт-Петерборда 2008 жылдың қазанында қабылданды.
Оның мақсаты Шанхай ынтымақтастық ұйыма мүше-мемлекеттердiң жас буын өкiлдерi арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа қолдау көрсету.
3 жыл бұрын (2009) Қарағандыда жаңа Жеңіс саябағы ашылды. Бұл саябақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұсынысы бойынша құрылды.
ЕСІМДЕР
91 жыл бұрын Зиямат Османұлы ХҰСАНОВ (1921-1986 жж.) Сайрам ауданы, Сайрам ауылында дүниеге келді. Соғыс және еңбек ардагері. Кеңес Одағының Батыры (22.2.1944), Болғарияның Халық Батыры (1975), Қазақ КСР және Өзбек КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі. Ұлты - өзбек. Ташкент педагогикалық техникумын бітірген (1940). 1940 жылы қазанда Қызыл Армия қатарына шақырылды. Соғыс басталған жылы Ташкент авиация училещесіне жіберілді. 78-дивизияның 228-гвардиялық атқыштар полкі құрамында соғысып, Курск иініндегі шайқасқа қатысты. Ауыр жараланып, тұтқынға түскен. 1944 жылы тұтқыннан қашып шығып Югославия және Болгариядағы партизандар отрядтарында шайқасты. Соғыстан кейін Сайрам ауданында мектепте мұғалім болды.Ленин, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Болгария үкіметі Хұсановты грамотамен және төсбелгісімен марапаттады, Болгарияның құрметті азаматы атағын берді.
94 жыл бұрын (1918) медицина ғылымының докторы, профессор Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ДАЙЫРОВ Алмағамбет Бекішұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Қазақ медицина институтын бітірген. 1946-1952 жылдары - Қызылорда денсаулық сақтау бөлімінің бастығы. 1952-1957 жылдары - Қазақ медицина институты жалпы хирургия кафедрасының ассистенті. 1957-1963 жылдары - Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1963-1971 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министірлігінің 4-ші басқармасына қарасты Орталық аурухананың бас дәрігері. 1971-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина университетінде жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі болған. Дайыров ішек-қарын бөліктерін алып тастау салдарынан ас қорыту жүйесінде болатын өзгерістерді зерттеп, лазер сәулесін қолдану, эхинококкозды анықтау, емдеу мәселелерімен шұғылданған.
«Қазан төңкерісі», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.
89 жыл бұрын (1923) әнші, Қазақстанның халық артисі ЖЫЛЫСБАЕВ Бекен Бәкенұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы консерваториясын бітірген. 1946-1951 жылдары - Қазақ радиосы мен Қазақ филармониясында әнші. 1951 жылдан Алматы консерваториясында оқытушы болған. Жылысбаев - қазақ халық әндерін, орыс классиктері мен шет ел композиторларының ән-романстарын шебер орындаушылардың бірі. Репертуарында М.Төлебаевтың «Тос мені, тос», «Кестелі орамал», «Қазақстан оттары», Е.Рахмадиевтің «Алматы кеші», «Таң самалы», т.б. белгілі әндер бар.
«Ленин», 1-2- ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Еңбек Даңқы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
79 жыл бұрын (1933-1994) жазушы, журналист БЕРДІҚҰЛОВ Сейдахмет дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1955-1965 жылдары - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы. 1955-1986 жылдары - «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы. 1986-1994 жылдары -«Жалын», «Балауса» баспасының директоры. Ол Қазақстан спортын және спорт жұлдыздарының табыстарын насихаттауға, қазақ спорт журналистикасын қалыптастыруға көп еңбек сіңірген. Қазақстан спорт журналистері федерациясының алғашқы төрағасы болған. Замандастар өмірін бейнелеген, адамдар бойындағы ар-ұждан, адамгершілік парыз, азаматтық қасиеттерді сөз еткен көркем шығармалары да оқырманға кеңінен таныс. Жазушының «Сол орамал жоғалмайды», «Жүрек ұйықтауды білмейді», «Нар тәуекел», «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Егеулі найза», «Аспаннан шұға жауған күн», «Үшінші подъезд», «84 жылдың теңдессіз 16 күні», «Пердесіз көңіл», «Арбаған мені бір сиқыр» т.б. кітаптары жарық көрген. Біраз туындылары орыс, венгр, неміс, поляк, испан, финн, т.б. халықтардың тілдеріне аударылған. Ш.Айтматовтың, Э.Хемингуэйдің, Дж.Лондонның, А.Хейлидің, Н.Мейлердің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған. 1997 жылдан спорт тақырыбына жазып жүрген үздік журналистерге С.Бердіқұлов атындағы жүлде беріп, футболдан журналистер мен баспагерлер командаларының жарысы өткізіліп тұрады.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
103 жыл бұрын (1909-1995) қазақтың тұңғыш кәсіби кинооператоры, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық әртісі - ТЫНЫШПАЕВ Ескендір Мұхамеджанұлы дүниеге келді.
Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш инженер-теміржолшысы Мұхамеджан Тынышпаевтың отбасында дүниеге келді. Кинодағы еңбегін 1928 жылы бастады. «Востоккино» студиясының қазақ бөлімінің ашылуына және «Соңғы жаңалықтар» қазақ киножурналының құрылуына қатысты. Е.Тынышпаев Қазақстанның тарихы туралы бірқатар жоғары көркемдік ойын және деректі фильмдер түсірді. Оған мыңдаған фотошедеврлер тиесілі. Ол кинооператордан авторлық фильмдердің режиссерына дейінгі жолды өтіп, қазақ киносында алғаш рет трюктар түсіре бастады. Оны қазақ киносының ақсақалы деп атайтын. Себебі Е.Тынышпаев Шәкен Аймановпен, Мәжит Беғалинмен, Кененбай Қожабековпен, Ораз Әбішевпен және қазақ киносының өзге де майталмандарымен бірге ұлттық кинематографияның дамуына белсене қатысты. Ол «Қазақфильмнің» құрылуына етене араласып, онда ұзақ жылдар бойы бас оператор болып жұмыс істеді. Е.Тынышпаев «Кеңестік Қазақстан» киножурналы үшін 10 мыңнан астам сюжет түсірді. «Біз Семиречьеденбіз», «Оның уақыты келеді» көркемдік фильмдер - оның үздік жұмыстары.
74 жыл бұрын (1938) химия ғылымының докторы, профессор КҮЗЕМБАЙ Қосылған дүниеге келді.
Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және аспирантурасын бітірген. 1967-1969 жылдары - Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институты Алматы филиалының аға оқытушысы. 1969-1991 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Д.Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институтының аға ғылыми қызметкері, катализаторларды физикалық әдістермен зерттеу зертханасының жетекшісі. 1991 жылдан Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры болған. Ғалым газфазалық гидрогендеу процесі реакциясы жүру кезінде катализаторлық жанасуды сыртқы жағынан сәулелендіру арқылы жылдамдату жолын ашты және оның аппаратуралық негізін жасаған. Сондай-ақ оның ашқан күн және ионизациялау сәулелерінің каталитикалық жүйеге әсері туралы ғылыми тұжырымы химия ғылымы саласындағы елеулі жаңалық болып танылған. Ол арнайы шақырумен Хоккайдо, Тояма, Токио, Иогагама (Жапония) университеттерінде, Польшаның физикалық химия, Чехияның неорганикалық химия, Арменияның органикалық және физикалық химия, Әзербайжанның фото және радиациялық катализ проблемалары жөніндегі орталығында дәрістер оқыған. 175-тен астам ғылыми мақалалары мен бірнеше монографиясы бар.
47 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының Экономикалық интеграция министрі АЙТЖАНОВА Жанар Сейдахметқызы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Біріккен Вена институтын, Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін (АҚШ) бітірген. Қазақ мемлекеттік университеті және Мәскеу мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өткен. БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінде бағдарламалар үйлестірушісі, Моңғолиядағы БҰҰ-ның үйлестірушісі және БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Өкілінің көмекшісі, БҰҰ-ның Даму бағдарламасының Еуропа және ТМД өңірлік бюросының Орталық Азия елдері бөлімінің бағдарламалар жетекшісі, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасының Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздердегі Қазақстан Республикасының арнаулы өкілі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2010 жылдың наурызынан. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
91 жыл бұрын (1921-1986) Кеңес Одағының Батыры ҚҰСАНОВ Зиямат Усманұлы дүниеге келді. Шымкент облысының Сайрам ауданында туған. Ташкент педагогикалық институтын бітірген. 1940 жылы Армия қатарына алынып, 1942 жылы Ұлы Отан соғысы майданына араласқан. 1943 жылы Белгород облысында болған ұрыстарда гвардия сержанты Құсанов ерен ерлік көрсетіп, жаудың жиырмаға жуық солдаты мен офицерін жойған. Осы ұрыстарда ауыр жараланып, тұтқынға түскен. 1944 жылы мамыр айында тұтқыннан қашып шығып, Югославия және Болгария жерлерінде партизан отрядтарының құрамында ұрыстар жүргізген. 1948 жылы Армия қатарынан босап, Сайрам ауылындағы мектепте ұстаздық еткен. Ленин, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
81 жыл бұрын (1931) травматолог-ортопед, медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері ПАЛЬГОВ Константин Андреевич дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазіргі Алматы мемлекеттік медицин институтын бітірегн. 1959-1969 жылдары - Өскемен қаласындағы облыстық аурухана бөлімшесінің меңгерушісі. 1969-1982 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институты травматология кафедрасының меңгерушісі, клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры болған. Негізгі ғылыми еңбектері травматология мәселелеріне арналған. Ол сүйек туберкулезін хирургиялық жолмен емдеу тәсілдерін тауып, дене тканін құтылау мәселелерін анықтады.
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
58 жыл бұрын МӘМИ Қайрат Әбдіразақұлы дүниеге келді. Қ.Мәми Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған.
1954 жылы 9 мамырда туған, қазақ, білімі жоғары. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Құқықтанушы, з.ғ.д., профессор.
Гурьев облыстық соты стажері, мүшесі, төрағасының орынбасары, төрағасы, ҚазССР Жоғары Сотының мүшесі, Алматы қалалық сотының төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғары Соты коллегиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры болып қызмет істеген.
«Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, төрт медальмен марапатталған.
47 жыл бұрын Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ (сахнада Maira Kerey - Майра Керей есімін пайдаланады) дүниеге келді. 1965 жылдың 5 қыркүйегі күні Қытайдың Құлжа қаласында дүние есігін ашқан қазақтың атақты опера әншiсi (сопрано) - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Париждегі "Гранд Операның" Қазақстаннан шыққан жалғыз тұңғыш әнші.
Майра Мұхамедқызы ҚХР-да өнерлі отбасында туып, өскен. Тарихи отанына 1994 жылы оралды. Әкесі Мұхамед Әбдіқадырұлы - композитор, профессор, музыка зерттеу саласы бойынша көптеген кітаптардың авторы. Анасы Камал Қуанышқызы - әнші, ҚХР Халық әртісі. Майра Мұхамедқызы Бейжің Ұлттар Университетінің Музыка Факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Пекин Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген. Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында (профессор Н.А. Шариповтің сыныбы) тағлымдамадан өткен.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Тарлан» сыйлығының лауреаты.
50 жыл бұрын НҰРҒАЛИЕВ Жеңіс Мирасұлы дүниеге келді. Ж.Нұрғалиев Костанай облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі.
1962 жылғы 9 мамырда туған, қазақ. Білімі жоғары. Қостанай ауыл шаруашылығы институтын, Орталық - Азия университетінің Қостанайдағы филиалын бітірген. Ғалым агроном, заңгер. Қостанай облысы Қостанай ауданы «Александровский» совхозының агрономы, №2 бөлімшесінің басқарушысы, бас агрономы, Наурызым ауданы «Дәмді» совхозының директоры, Қостанай ауданы «Нива» өндірістік кооперативі баскармасының төрағасы, «Надеждинка» ЖШС директоры, Сарыкөл ауданының әкімі, Қостанай қаласының әкімі, Қостанай облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген. «Құрмет» орденімен, үш медальмен марапатталған.