9-Мамыр - Жеңіс күні Астанадағы «Қазақ елі» монументінен «Отан қорғаушылар» ескерткішіне дейін азаматтық шеру өтеді - әкімдік

АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының әкімдігі 9-Мамыр - Жеңіс күні «Қазақ елі» монументінен бастап «Отан қорғаушылар» ескерткішіне дейін азаматтық шеру өтетінін хабарлап, қатысушыларды «Георгий лентасын» бір адамдай тағуға шақырды.

9-Мамыр - Жеңіс күні Астанадағы «Қазақ елі» монументінен «Отан қорғаушылар» ескерткішіне дейін азаматтық шеру өтеді - әкімдік

Бүгінде «Георгий лентасы» Даңқ Ордені иегерлерінің ерекше белгісі ғана емес, кеңес халқының 1941-1945 жылдардағы соғыстағы Ұлы Жеңісінің нышаны іспетті.

Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында сарғылт-қара түсті жібек қиындысын Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары да ала алады. «Георгий лентасы» мен естелік белгілер, мамырдың 9-ы күні теңертеңгі сағат 9.00-де «Қазақ елі» монументінен бастау алып, «Отан қорғаушылар» ескерткішінің Мәңгілік алауына дейін өтетін шерудің барысында таратылатын болады.

Сондай-ақ, «Георгий ленталары» мамырдың 8-і күні Астана қаласы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда (Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысы) да таратылмақ. Елорда әкімдігі бұл игі шараға қатысуға еріктілерді шақырып отыр. Оларға сондай-ақ, азаматтық шерудің шарттарын ақпараттандыру мәселесі де сеніп тапсырылатын болады.

Еске сала кетейік, «Георгий лентасын» тарату дәстүрі Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында ресейлік «РИА-жаңалықтар» ақпараттық агенттігінің және студенттер қозғалысының бастамасымен басталған болатын.