9 маусым. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 9 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе, туған күн
Фото: Pixabay

ЕСІМДЕР

87 жыл бұрын (1939) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жүрек-қан тамырлары хирургтары қауымдастығының төрағасы, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының академигі Сейітхан Жошыбайұлы ЖОШЫБАЕВ дүниеге келді.

Сейітхан Жошыбайұлы ЖОШЫБАЕВ
Фото: jambylinfo.kz

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы (бұрынғы Луговой ауданы) Ақыртөбе ауылында туған. Қырғыз мемлекеттік медицина институтын, КСРО Медицина ғылымдары академиясының А.Бакулев атындағы Жүрек-қан тамырлары ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.

1970-1984 жылдары Бішкекте хирург, медициналық институтының жалпы хирургия кафедрасының ассистенті, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық кардиология орталығының меңгерушісі, 1984-1992 жылдары А.Сызғанов атындағы клиникалық және тәжірибелік хирургия ғылыми-зерттеу институты жүрек-қан тамырлары бөлімінің жетекшісі болды. 2007 жылдан бастап Тараз қаласындағы Кардиохирургия орталығының директоры қызметін атқаруда.

С.Жошыбаев Кардиология жөніндегі көптеген халықаралық ұйымдар мен одақтардың құрметті мүшесі. Ол тәжірибе алмасу мақсатында Моңғолия, Мажарстан, Германия, Үндістан, АҚШ, Англия, Канада, Польша, Чехия және тағы басқа елдердің арнайы мамандандырылған клиникаларында болды.

2008 жылы «Парасат», 2014 жылы ІІ дәрежелі «Барыс», 2019 жылы «Достық», 2021 жылы ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, Қырғызстан мен Қазақстанның бірнеше медальдарымен марапатталған.

50 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық жоспарлау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сардар Серікұлы ҚАБДУЛОВ дүниеге келді.

Сардар Серікұлы ҚАБДУЛОВ
Фото: instagram.com/prokadrykz

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолы: мемлекеттік қызмет жүйесіндегі басшы лауазымын атқарды. Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Азық-түлік корпорациясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.

2025 жылдың сәуірінен бастап қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1980) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы ӘБДІРАХЫМ дүниеге келді.

Нұрлан Ерғалиұлы ӘБДІРАХЫМ
Фото: Gov.kz

Жамбыл қаласында туған. «Қайнар» университетін «заңгер» мамандығы бойынша, Иель менеджмент мектебін бітірді.

Еңбек жолы: 2001-2002 жылдары «Астанаэнергосервис» ААҚ бақылаушысы, 2002-2007 жылдары ҚР Әділет министрлігінде жетекші, бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, бастығы, заңнама департаменті директорының орынбасары, 2007 жылы ҚР Әділет министрлігі нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаментінің директоры, 2007-2009 жылдары ҚР Әділет министрлігінің шағын заң актілері департаментінің директоры, 2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы, 2012-2021 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2021-2023 жылдары ҚР Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2023-2025 жылдары Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың қазан айынан атқарып келеді.

39 жыл бұрын (1987) Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Қадрұлы ДҮЙСЕКЕНОВ дүниеге келді.

 Сәбит Қадрұлы ДҮЙСЕКЕНОВ
Фото: aqtobegazeti.kz

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында туған. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін (2012); М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін (2014); М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген (2016).

Еңбек жолын 2012 жылы Маңғыстау облысындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром ӨБ» РМҚК «Кендірлі Қаясан» мемлекеттік қорығының күзет қызметінің бастығы қызметінен бастады.

2014 жылы «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалының директоры болып тағайындалды.

Ал 2017 жылы «Кендірлі Қаясан» Мемлекеттік қорық аумағының күзет қызметінің басшысы, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Орал өңірлік филиалының басшысы, сондай-ақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орал өңірлік филиалының басшысы қызметтерін атқарды. 2017-2023 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Ақтөбе өңірлік филиалының басшысы болып жұмыс атқарған. 2023 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданы әкімінің орынбасары, сондай-ақ, «Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ басшысы қызметтерін атқарды. 2025-2026 жылдары Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды.

2026 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

37 жыл бұрын (1989) «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Олжас Темірбекұлы ОРДАБАЕВ дүниеге келді.

Олжас Темірбекұлы ОРДАБАЕВ
Фото: Ашық дереккөз

Алматы қаласында туған. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, «Cesar Ritz Colleges Switzerland» (Цезарь Ритц колледжі Швейцария, Манчестер Метрополитан университеті) бітірген.

Еңбек жолы: 2007-2014 жылдары бірқатар қоғамдық ұйымдарды басқарды. 2014-2015 жылдары «Кәсіпқор» Холдингі» КЕАҚ Әлеуметтік әріптестік басқармасының бас менеджері қызметін атқарды. 2015-2018 жылдары «Атамекен» ҚР ҰКП, Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары, директоры, басқарушы директоры болып жұмыс істеді. 2018-2022 жылдары «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары — басқарма мүшесі қызметін атқарды.2022 жылы«Talap» КЕАҚ президенті болып жұмыс істеді. 2022-2026 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2026 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді.

77 жыл бұрын (1939-2024) кеңестік және қазақ қобызшысы, аспапшы, музыка мұғалімі, профессор Меруерт Қабекенқызы КАЛЕНБАЕВА дүниеге келген.

Меруерт Қабекенқызы КАЛЕНБАЕВА
Фото: Рувики

Батыс Қазақстан облысында туған. К.Байсейітова атындағы республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектебін бітірген (1956); Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін оркестр әртісі, концерттік орындаушы мамандығы бойынша бітірген (1961).

Еңбек жолы: 1961 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің әртісі, 1961-1979 жылдары бас қобызшы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеушісі, 1989-2009 жылдары К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыкалық орта мектептің мұғалімі, 1979 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қобыз және баян кафедрасының оқытушысы, доценті, профессоры болып қызмет етті.

Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі (1977). Мәдениет саласындағы ҚР Мемлекеттік стипендиясының лауреаты (2017).