9 маусым. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 9 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері әскери қызметшісі, қызметкері күні
Бұл күннің маусымның басында тойланатыны бекер емес. 2016 жылдың 9 маусымында ҚР Президенті елдің қауіпсіздік кеңесі жанынан мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерін үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Бұл атаулы күн еліміздің тұтастығы мен конституциялық құрылымын қорғауда қаза тапқан арнайы мақсаттағы бөлімшелер қызметкерлері мен бүгінгі таңда сапта жүрген жауынгерлерге көрсетілген айрықша құрмет.
Халықаралық архив күні
Бұл мереке 2007 жылы қарашада Квебекте (Канада) Халықаралық архив кеңесінің Бас ассамблеясында (МСА, International Council on Archives, ICA) бекітілді. Аталған күн кездейсоқ таңдалған жоқ — 1948 жылы дәл осы күні ЮНЕСКО-ның шешімімен Халықаралық архив кеңесінің (МСА) негізі қаланды.
Дүниежүзілік аккредитация күні
2008 жылғы маусымның 9-да бекітілді. Халықаралық аккредитация форумы (IAF, International Accreditation Forum) мен Халықаралық аккредитация ынтымақтастығы зертханасының (ILAC, International Laboratory Accreditation Cooperation) ортақ шешімімен жаһандық бастамаға айналды.
Халықаралық достар күні
Бұл бейресми мереке болғанымен маңызы зор. О. С. Ожегов сөздігі достықты былай түсіндіреді: бұл өзара байланысқан, рухани жақын, қызығушылығы ортақ адамдардың қарым-қатынасы. Осындай мерекеде жақын достарыңызды еске алып, оларға достығы мен қолдауы үшін алғыс айтуға болады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1993 жылы Алматыдағы Достық үйінде Каспий теңізі айдынының Қазақстанға қарасты қайраңында геологиялық барлау бағдарламасы жөнінде Халықаралық мұнай компаниялары консорциумы құрылды. Оның құрамына Қазақстан, Италия, АҚШ, Франция, Норвегия, Нидерланд, Ұлыбритания мұнай компаниялары кірді.
2006 жылы Алматыда курорт мәртебесіне ие жаңа «Жайлау» гольф-клубы ашылды. Клубтың ойын алаңдарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Алматыда ашылған ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің XV мәжілісіне қатысушылар алғашқылардың бірі болып сынақтан өткізіп көрді.
«Жайлаудың» 18 алаңының жалпы аумағы — 82 гектар. 18 ұясы бар гольф-алаң ТМД аумағындағы ең ауқымды гольф-курорттардың бірі болып танылып, әлемдегі ең үздік клубтардың каталогына енді. Жобаның авторы — аты аңызға айналған гольф шебері Арнольд Палмер негізін қалаған «Palmer Course Design Co.» компаниясы. Жаңа спорт кешенінің аумағында 38 вилла, 64 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй кешені және 3 теннис корты бар. Жаңа клубтың ашылу рәсімі Қазақстандағы осы спорт түрінің 10 жылдығына және Шетелдік инвесторлар кеңесінің XV мәжілісіне орайластырылды.
2009 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы Торғай ауылының маңындағы Құмай өзенінің бойынан түркі дәуірінің «Қос батыр» ғұрыптық ескерткіші табылды. Ол ғұрыптық ескерткіш тастан қаланған төрт бұрышты екі қоршаудан тұрады. Екі қоршаудың шығыс жағында тастан қашалған екі батырдың мүсіні бар. Бұл мүсіндер VII–VIII ғасырда жасалған.
2010 жылы британдық суретші әрі режиссер Рут Макленнан Қазақстанның шөл және дала ландшафтары мен тарихы туралы көркем кино түсірмек. Аталмыш кинода археолог пен геолог сияқты екі кейіпкер болады, оның бір кейіпкерін жерлесіміз Сәуле Сүлейменова сомдады.
2017 жылы ҚР Президенті Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін ресми түрде ашық деп жариялады. Халықаралық көрменің тақырыбы «Болашақ энергиясы» деп аталды.
2017 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Президенттері ұйымның саммитінде Мемлекет басшыларының Астана декларациясына қол қойды. Сондай-ақ, ШЫҰ-ның Экстремизге қарсы күрес туралы конвенциясына, мүше мемлекеттердің халықаралық терроризмге бірлесіп қарсы тұру жөніндегі мәлімдемесіне және ұйымның бірқатар ішкі құжаттарына қол қойылды.
2019 жылы Астана уақытымен сағат 20.00-де Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауына дауыс беру аяқталды. Сайлаушылардың 77,5% дауыс беруге қатысты. «Nur Otan» партиясының атынан ҚР Президенті кандидаттығына түскен Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 70,96% -ы дауыс берген.
2021 жылы Арыс қаласында «Қазақ еліне алғыс» мемориалдық тақтасының салтанатты ашылуы өтті. Естелік тақта 2019 жылдың 24 маусымында болған жарылыс салдарын жоюға атсалысқан барша азаматтар мен өңірлерге алғыс ретінде орнатылған. Оның авторы — жергілікті мүсінші Мүтәліп Күздеубаев, тақтадағы мәтіннің авторы — жергілікті ақын Мыңжасар Дәрменов.
2021 жылы 14 қазақстандық жоғары оқу орны әлемдегі ең беделді университеттері рейтингін жасайтын Quacquarelli Symonds World University Rankings халықаралық академиялық рейтингіне кірді. Рейтингтің бүкіл тарихында оған қазақстандық жоғары оқу орындарының ең көп саны кіргені қазақстандық жоғары білімнің халықаралық танылуының өскенін танытып отыр.
2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші пленарлық отырысында Қазақстан БҰҰ-ның 2022-2024 жылдарға арналған Экономикалық және әлеуметтік кеңесіне мүше болып сайланды. Қазақстанның кандидатурасын 180 мемлекет қолдады. Кеңес аясында Қазақстан жаһандық Тұрақты даму мақсаттарын тиімді жүзеге асыру және Орталық Азиядағы ең маңызды гуманитарлық мәселелерді шешу үшін халықаралық қаржы және сауда ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуге ниетті. ЭКОСОС-қа мүшелік ету Қазақстан үшін экономика, әлеуметтік салада және мемлекеттік басқарудағы реформаларды жүзеге асыру үшін табысты әлемдік тәжірибені тартуына да ықпал етеді.
2024 жылы Павлодарда ретро автомобильдер мен мотоциклдердің көрмесі ұйымдастырылды. Бір қызығы, көрмеге қойылған көліктердің көпшілігін Павлодар университетінің студенттері мен оқытушылары қалпына келтірген. Төрт жыл бойы олар ескі көліктерді жарнама арқылы тауып алып, оларды жылдар бойы тұрған гараждардан алып кетті.
2025 жылы ҚР Цифрлық даму министрлігі мен «Қазақтелеком» 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетке қосу туралы келісімге қол қойды. Қосылу оптикалық және спутниктік арналар арқылы жүзеге асырылып, ауылдардың 99 пайызын қамтиды. Жоба бюджеттен тыс көздер есебінен 239 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырылып отыр. Басымдық мектептерді, ауруханаларды, мемлекеттік мекемелерді, шекара өткелдерін және ұялы байланыстың базалық станцияларын қосуға беріледі.
2025 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігі Қазақстанда киберспортты дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді тұжырымдамасын ұсынды. Қазақстан университеттер мен колледждерде мамандандырылған бағдарламаларды енгізу арқылы киберспортты өзінің білім беру жүйесіне біріктіруді көздеп отыр. 2029 жылға қарай кемінде жеті жоғары оқу орнында ойын дизайны, киберқауіпсіздік және киберспортты басқару саласындағы дағдыларды дамытатын киберспортқа қатысты курстар ұсынылатыны күтіліп отыр.
2025 жылы Грузияның Поти портында Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі элементі — Қазақстанның алғашқы мультимодальды терминалы ашылды. Нысан Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузияны және одан ары — Еуропа елдерін байланыстыратын Орталық дәліз деп аталатын жолдың бөлігі болды. Ашылу рәсіміне Қазақстан, Грузия және Әзербайжан өкілдері қатысты. «Poti Transterminal» АҚ бас директоры Олжас Арықбаевтың айтуынша, терминал қоршаған ортаны қорғау, өрт қауіпсіздігі және инженерлік инфрақұрылымға қатысты Грузияның соңғы заңнамасына сәйкес келеді. Нысан заманауи жабдықтармен, соның ішінде Аустрияда жасалған ричтакерлермен және сағатына 25 контейнерге дейін өңдей алатын қытайлық тіректі крандармен жабдықталған. Терминалдың бастапқы кезеңдегі өткізу қабілеті жылына 120 мың тоннадан асады. Болашақта бұл көлемді арттыру жоспарланып отыр.