9 шілде. Жылнама

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

Kazinform оқырман назарына 9 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлері күні

Қазақстанның кәсіби оқиғалар күнтізбесіндегі ең жаңа мерекелердің бірі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қаңтардағы № 11 қаулысымен бекітілді. Су шаруашылығы қызметкерлерінің күнін енгізу мақсаты – халық пен экономика салаларын су ресурстарымен қамтамасыз етуге қомақты үлес қосатын, су шаруашылығы объектілерінің сенімді жұмысын қолдайтын, Қазақстанның табиғи байлықтарын сақтауға және көбейтуге көмектесетін су шаруашылығының барлық қызметкеріне құрмет көрсету.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанда Мемлекеттік салық қызметі құрылды.

2001 жылы Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» ҚР Заңы жарық көрді.

2007 жылы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы археологиялық-этнографиялық орталықтың кезекті экспедициясының мүшелері сармат дәуірінен жеткен алты обаны тапты. Сармат дәуіріне қатысты бірнеше көне құмыра, ежелгі халықтың басқа да тұтынған ыдыс-аяқтары Атырау облысының Қызылқоға ауданынан табылды.

2009 жылы «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасының аумағында «Ежелгі Қазақстандағы қарулар мен қару-жарақтар» топтамасының көркемдік маркасын айналымға енгізді. Маркада XVIII ғасырдағы батырдың қалқаны бір топ жауынгердің бейнесінде бейнеленген. Марка төрт бояуда офсет, бұрғылап тесу әдiсi бойынша орындалған, өлшемі – 50х38 мм, таралымы – 30 мың дана. Суретшiсі – Данияр Мұхамеджанов. Маркалар Бейжіңнің (ҚХР) пошталық таңбалар фабрикасында басып шығарылған.

2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы арқылы «Азия тұрғындарына таза су үшін» ұранымен халықаралық марафон маршруты өтті. Үш адам 150 күннің ішінде алты мемлекеттің аумағын кесіп өтті.

2015 жылы алғаш рет қазақстандық төреші Бірлескен күрес әлемінің (United World Wrestling – UWW) супервайзері болды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша рефери Бақытжан Жақсықұлов Франкфурттағы (Германия) төрешілер семинарына қатысты. Оның қорытындысы бойынша UWW президенті Ненад Лалович қазақстандықты супервайзер етіп тағайындады.

2017 жылы Үндістанның Бхубанешваре қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық жеңіл атлеттер екі алтын және бір күміс медаль алды.

2018 жылы Болгарияда KWU Camp 2018 халықаралық жазғы лагерь аясында киокушинкай-кан каратэден «Varna Cup 2018» дәстүрлі кадеттер турнирі өтті. Онда Ақмола облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Әлемгүл Сабырхан 65 келіден астам салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

2019 жылы 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңінен үзінді оқып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа эстафета жолдады.

«Кішкентай балдырған қызымыз Ләйлім-Шырақ Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын маған жолдаған екен. Мен бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдадым. Хакім Абайдың есімі әрқашан қазақ халқымен қатар айтылады. Біз Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз. Абай арқылы елімізді әлемге паш етеміз. Биыл 30 мамырда данышпан Абайдың 175 жылдығын республикалық деңгейде атап өту жөнінде арнайы Жарлыққа қол қойдым. Абай мұрасы – біздің қастерлі қазынамыз», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кемеңгер ақынның жастарды білім мен ғылымға шақыратын, мақсатыңа жету жолында қажет асыл қасиеттерді атап көрсеткен «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінен үзінді оқып берді.

Кейіннен бұл эстафета Қазақстандағы және шет елдерегі қалың көпшіліктің қолдауына ие болды.

2022 жылы Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің жеңімпазы атанды. 9 шілдеде Тунис өкілі, WTA Онс Гилл рейтингінде әлемнің екінші ракеткасымен өткен финалдық матчта қазақстандық теннисші (WTA әлемдік рейтингінде 23-орын) 3:6, 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 50 минутқа созылды.

2023 жылы Италияның Аронцо қаласында 23 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында байдарка мен каноэде есуден 2023 жылғы әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Мария Бровкова алтын медаль жеңіп алды. Мария Бровкова 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында С-1 санатында 1000 метр қашықтықта барлық қарсыластарын артта қалдырды. Финалда қазақстандық спортшы 4:35,01 секундты құрайтын ең жақсы уақытты көрсетті. Күміс медальді венгриялық спортшы Река Саркани жеңіп алды, үздік «үштікке» сондай-ақ Өзбекстаннан келген Шохсанам Шерзодова кірді.

Соңғы жаңалықтар
telegram