90 жыл бұрын ашылған Кентау жылу орталығы қалай жаңартылып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Кентау жылу орталығының құрылғанына 90 жыл болды және ол 85 пайызға тозған. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты.

Былтырғы жылыту маусымында кентаулықтар сапалы жылуды тұтына алмаған еді.
«Кентау жылу орталығының құрылғанына 90 жыл болды (1934 жылы) және ол 85 пайызға тозған. Осыған орай, орталықты жанғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алты қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізілуде», — деді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның ішінде 4 қазандыққа қайта құру жұмыстары толық аяқталып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 2 қазандықта қайта құру жұмыстары жақында аяқталады.
«Бұдан бөлек, тағы 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды. 1 турбина және құрал-жабдықтар ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта жылу желілеріндегі температура белгіленген нормативтен де жоғары берілуде», — деді облыс басшысы.
Еске сала кетсек, биыл сәуір айында Кентау, Риддер және Қызылордадағы жылу көздерін жаңғыртуға Үкімет резервінен 16 млрд теңге бөлінген еді.
Сонымен қатар, Кентау қаласы экологиялық апат аймағы деп танылды және тұрғындар жалақысына 20% үстемеақы қосылады.