93 жастағы ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп берді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодардағы қарттар үйінде тұратын Сағадат Жұмабаев қажылыққа деп жинап келген 3,6 млн теңге қаражатын мүгедек балаларға берді. Ақсақалдың жасы бүгінде 93-тен асқан.

93 жастағы ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп берді
Фото: Мүрат Аяған

Жалпы сомасы 3,6 млн теңге қаражатты қария он жыл бойы жинап келіпті. Кейінгі уақытта денсаулығы жиі сыр беруіне әрі жасының үлкендігіне байланысты ұзақ сапардан бас тартуына тура келген. Айтуынша, өзі – тыл ардагері. Колхозда жұмыс істеп, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жауды жеңу үшін аянбай еңбек еткен.

– Меккеге барамын деп ұзақ жылдар зейнетақымнан жырып ақша жинадым. 2022 жылы шетелге шығу үшін төлқұжат алдым. Өкінішке қарай, сол жылы қажылыққа баратындардың жасы 65-тен аспауы керек деген талап қойылып, мені туроператорлар алмады. Одан соң денсаулығым сыр беріп, жүріп-тұруым ауырлай бастағанын сездім. Оның үстіне таныс адамдар ол жаққа бару үшін жаныма адам ертіп жүруім керектігін айтты. Ақыр-соңы қасиетті сапардан бас тартуыма тура келді, - дейді Сағадат ата. 

93 жастағы ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп берді
Фото: Мұрат Аяған

Отасқан жарымен ұзақ жыл түтін түтеткен. Алайда тағдырдың жазуымен араларында бала болмаған. 2009 жылы зайыбы қайтыс болған соң жалғыз қалады. Інісі 69 жасында өмірден озған. Ал анасы 98 жасында дүние салыпты. Сондықтан өзінің ұзақ өмір сүруінің сырын анасының тегінен дарыған деп есептейді.

– Кейінгі уақытта шешем түсіме жиі кіреді. Ананың орны ыстық екен, оны үнемі сағынамын. Ойлана келе, көп жыл бойы жинаған қаражатымды мүгедек бала асырап отырған отбасыларға беруді ұйғардым. Жолдастарымнан сұрастыра жүріп дертке шалдыққан балаларды тауып, оларды анасымен бірге бір жерге жинадық. Тірнектеп жиған 3,6 млн теңгемді 120 мың теңгеден бөліп, 30 баланың анасына ұстаттым. «Қалқаларым, бұл – түн ұйқысын төрт төліп, баласының өмірі үшін күрескен аналар еңбегінің өтеуі деп түсініңдер» деп атап айттым. Ананың аялы алақанын, оның өз перзентін өсіріп-жеткізудегі еңбегін дүниеде еш нәрсемен өлшей алмайсың, - деп толғанды тыл ардагері. 

93 жастағы ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп берді
Фото: Мұрат Аяған

Ақсақал биыл Жеңістің 80 жылында тыл ардагері ретінде біржолғы бюджеттік төлемді ала алмағанын айтады. Тұрып жатқан қарттар үйінің басшылығынан сұрағанда «Сіздер онсыз да мемлекеттің қамқорлығында отырсыздар, ондай төлем қарастырылмаған» деп жауап беріпті. Қария Жеңіске үлес қосқан қарттарды алалау дұрыс емес деп санайды. Сондықтан бұл шешімге өзінің қамкөңіл болып қалғанын жеткізді. 

– Ал қарттар үйіндегі жалпы жағдай көңілімізден шығады. Қарын тоқ, көйлек көк. Жалғыз өзім бір бөлмеде тұрып жатырмын. Қызметкерлердің барлығы мейірбан, қамқорлықпен қарайды, - дейді ол. 

93 жастағы ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп берді
Фото: Мұрат Аяған
93 жастағы ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп берді
Фото: Мұрат Аяған
93 жастағы ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп берді
Фото: Мұрат Аяған

Сағадат ата қазіргі Тереңкөл ауданында шөп шабушы, колхоз есепшісі, бригадир, кірпіш зауытының шебері, қойма меңгерушісі қызметтерін атқарған. Кейін Павлодарға көшіп келіп, зейнетке шыққанға дейін алюминий және трактор зауыттарында еңбек еткен. 1988 жылдан бері зейнетте.

Бұған дейін соғыс техникасына ақшалай көмек берген баянауылдық қария туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар