А.Есімов Алматыдағы жәрмеңкелер маусымын ашты

АЛМАТЫ. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше Алматының «Астана» алаңында Алматы облысы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің  жәрмеңкесі ашылды, оған қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты.

А.Есімов Алматыдағы жәрмеңкелер маусымын ашты

Жәрмеңкеге Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалалары мен Алматы облысының 16 ауданы, сондай-ақ «Жетісу», «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары қатысты.

Шаһар басшысының айтуынша, онда 60-тан астам ауылшаруашылық  өнімі базардағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылды. Жәрмеңкеге өндірушілер жалпы құны 83 миллион теңге болатын - 60 тонна картоп, 45 тонна ет, 12 тонна күріш, 11 тонна сүт, 9 тонна балық өнімдерін, 8 тонна көкөніс, 7 тонна ұн, 5 тонна шұжық өнімдерін әкелді. Алдағы уақытта дәстүрлі шара жалғасын табатын болды.