«А» корпусы үмітті ақтады ма?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 8 қараша, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Кеше Елбасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Шағын құрамдағы кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Қазақстан-Қырғызстан: Стратегиялық серіктестіктің арқауы берік» деген тақырыптағы мақаласында. Қазақстан басшысы Қазақстан-Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бұған дейін, яғни 2012 жылы Бішкектегі отырысынан кейін көп оқиға өтіп, көп өзгерістің орын алғанына тоқталды. Сондай-ақ, елдер арасындағы екіжақты сауда қатынастары өрлеу траекториясы бойынша дамып келе жатқанын айтты. Мәселен, соңғы 2 жылда тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асқан. Өңірлік және әлемдік экономикадағы күрделі ахуалға қарамастан, биылғы жылдың 8 айында өсім 5,2 пайызды құраған. Қырғызстан тарапынан экспортталатын бүкіл электр энергиясының шамамен 86 пайызы, сүт өнімдерінің 90 пайызы, көкөністер мен жеміс-жидектің 56 пайызы Қазақстанға келеді. Ал Қырғызстан импортындағы бидайға деген қажеттіліктің 100 пайызы дерлік, ұнның 97 пайызы, минералды шикізаттың 70 пайызы, органикалық емес химиялық заттардың 53 пайызы Қазақстаннан жеткізіледі. Қазақстан-Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің 4-ші отырысынан кейін Мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме жасады. Бірлескен брифинг барысында Қазақстан басшысы өз сөзінде Қырғызстан еліміздің Орталық Азиядағы маңызды одақтасының бірі және стратегиялық әріптесі екенін айтты. «Біздің ынтымақтастығымыз айрықша сенім және туындайтын мәселелердің бәрін шешуге деген сындарлы қадаммен ерекшеленеді. Бүгінгі сапар - екі елдің арасындағы берік байланыстардың тағы бір айғағы», - деді Қазақстан Президенті.
«Жаңа басшы жайлы орынтаққа отырысымен-ақ өзінен бұрынғы басшының бітірген істерін бекерге шығарып, қолға алған бастамаларын аяқсыз қалдырып, «Жаңа сыпырғы жаңаша сыпырады» деген орыс мәтеліндегідей, бәрін өзінше жасайтын «дәстүр» қалыптасқанына көзіміз үйреніп, етіміз өліп кетті. Сондықтан да кешегі Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы болған Әлихан Байменовтің «Эврика!» дегендей елді елең еткізіп, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің «А» корпусын енгізгеніне екі жыл толмай жатып, оны жуырда қайта құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің су жаңа басшысы Қайрат Қожамжаровтың мәртебелі мінберден сілейте сынап, мүлдем жоққа шығарғандай болғанына онша қайран қалған жоқпыз», - деп жазады Солтүстік Қазақстан облыстық Тәртіптік кеңестің мүшесі Кәрібай Мұсырман «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жария етілген «А» корпусы үмітті ақтады ма?» деген тақырыптағы мақаласында. Автордың жазуынша, ел өңірлеріндегі атқарушы биліктің негізгі салмағы түсетін басшы кадрлардың ұстаханасы болып табылатын «А» корпусының бүгінгі жағдайы көңіл көншітерліктей емес. Әсіресе, тестілеу қорытындысы бойынша бір-екі ұпайды кем алып, «мұрттай ұшып» жатқан тәжірибелі аудан әкімдерінен айрылып қалғанымыз қабырғаны қайыстырарлықтай өкінішті жайт. Олар екінші рет «А» корпусына өтуге өтініш беріп, тиісті тестіні абыроймен тапсырып, қайтадан биік лауазымға тағайындалғанша кемінде бір жылдай уақыт жоғалтатынын өмір көрсетіп отыр.
***
Осы аптада бір баррель мұнай 80-нен 78,67 долларға дейін төмендеді. Бұл сонау 2010 жылы болған көрсеткіш. Ал маусым айында ғана, баррелі 110 долларды құрап тұрған мұнай бағасының қысқа уақыт ішінде осыншалықты төмен құлдилауын қалай түсінуге болады. Мұның сырын ашуға тырысқан «Айқын» газеті бүгінгі санында «Қара алтын» неге құлдырап барады?» деген тақырыппен мақала жариялады. Басылымның жазуынша, біріншіден, соңғы үш жыл ішінде АҚШ-та тақтатас (сланцы) мұнайын өндіру көлемі күрт ұлғайды. АҚШ қазір күніне 1 миллион баррель мұнай өндіретін жағдайға жеткен. Соның арқасында Вашингтон биыл алдыңғы орыннан Сауд Арабиясын ығыстырып, әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елге айналды. Бұған қоса, ОПЕК-ке мүше елдер мен Ресейдің мұнайына АҚШ-тың «тақтатас» өндірісі қосылып, нарыққа шамадан көп шикізат шығатын болды. Осыдан келіп өндірушілер арасында бәсеке күшейді, тұтынушыға талас басталды, баға төмендеді. «Екінші себеп - сұраныс азайды. Әлемде экономикалық өсім бәсеңдегендіктен, тұтынушылар тартыншақтап тапсырыс бере бастады.Экономикалық өсімнің баяулауы әсіресе, Еуропада қатты байқалады. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметіне қарағанда, Еуроаймақтағы баяу экономикалық өсім алдыңғы екі жылдық рецессияның орнын толтыра алмай жатыр. Қытайдың да қарқыны тоқыраңқырап қалған», - деп жазады мақала авторы.
Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай артистердің облыстарға барып жұмыс істеуін міндеттеу керектігін айтып, депутаттар алдында мәлімдеме жасады. Сыншының айтуынша, актерлер кемі аймақтарда екі жыл қызмет етуі қажет. Бұл әрі заңмен бекіту керектігін айтқан сыншыға «Айқын» газеті қоңырау шалып, сұхбат алған. Басылымның сауалдарына тұщымды жауап берген Ә.Сығай: «Мәдениет және спорт министрлігіне өнердің адамдары жаңадан келіп жатыр ғой. Бірақ көбі музыкант. Театрмен тікелей айналысатын театр өнерінің маманы да департаментке баруы керек еді. Бірақ оны есепке алып жатқан ешкім жоқ. Өкініштісі - осы. 54 театрдың қамын ойлайтын, өнерге жаны ашитын адам жоқ. Атырауға, Қызылордаға, солтүстік аймақтарға ат ізін салмайды деп отыра береміз бе, әлде бір шара қолданамыз ба? Менің көтеріп отырған мәселем - осы. Жастарды екі-үш жылға елге аттандыру керек. Содан кейін ғана дипломын қолдарына табыс ететіндей жасауымыз қажет. Дипломын алған жастардың көбі асаба болып, телеарналарда қызмет етіп жүр. Бұл да керек шығар. Ал театрдың қамын кім ойлайды? Павлодарлық, атыраулық көрерменді кім ойлайды? Олар кәсіби өнер-ден құр қалуы керек пе? Сондықтан жастарды қызықтыратын айла-тәсілдер ойлап тапқан жөн. Баспанасын шешіп, жалақысын көтерсе, өңірге жастар бармайды емес, барады», - дейді. Сұхбат «Жастарды екі-үш жылға елге жіберу керек» деген тақырыппен берілген.