«А» корпусындағылардың бәрі бірдей біліктілік талаптарына толық сәйкес келе алды ма?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 18 ақпан, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, өзткен жылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа құрылымы қоғамдық өмірге қадам басып, «А» және «Б» корпустары деген атауға ие болды. Сондай-ақ, сол өткен жылдың мамыр айында «А» корпусына үміткерлер арасында тестік тәсілмен іріктеу жүргізіліп, аталмыш конкурстың екінші кезеңінде әңгімелесу түріндегі сынақ өткізілгені мәлім. Содан соң арада көп уақыт өтпей сынақтан сүрінбегендер кадр резервіне қабылданып, олардың дені «А» корпусы лауазымына тағайындалды. Міне, мемлекеттік басқару жүйесінде осындай өзгерістердің жасалғанына да екінші жылға ауысып барады. Осы орайда басылым бүгінде олардың алғашқы аяқ алыстары қандай деген сауалға Батыс Қазақстан облысында жаңа міндеттерін атқаруға кіріскен басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің мысалында жауап іздеп көрген. Бұл жайында «Заңды жаттап алғанымен «А» корпусындағылардың бәрі бірдей біліктілік талаптарына толық сәйкес келе алды ма?» деген мақаланы қараңыздар.
Бас басылымда «Қазақмыс» өндірісшілердің жалақысын көтереді» деген мақала жарияланды. Дүйсенбі күні Қазақмыс Тобы биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақыларын 10 пайызға өсіретіндігін хабарлады. 2014 жылғы 14 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысына орай осындай шешім қабылданған.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Дариға Назарбаева: Бұл министрлікті таратып жіберсе да болады» деген мақала басылды. «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың денсаулығын қорғау саласында басшылық жасайтын мемлекеттік орган болып табылады», - деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
- «Басшылық» деген сөзге назар аударыңыздар. Денсаулық сақтау министрлігі бұл саланы басқарудан бойын аулақ салды. Ауруханалар мен емханалармен кері байланыс орнатылмаған, олардың өзекті проблемаларын білуге министрліктен жан баласы мүдделілік танытпайды. Кабинетте тып-тыныш отырған шенеуніктер неше түрлі инновация дегенді ойлап тауып, оны төменгі жаққа жібереді. «Бұл жаңалықтардың» одан арғы тағдыры не болғаны туралы ешкім бас қатырмайды. Кез келген сұраққа министрліктің жауабы дайын. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге «СК-Фармация», жабдықтар сатып алуға «КазМедТех» АҚ, қалған былық-шылықтардың бәріне әкімшіліктер жауапты. Мұндай итеріп салма жағдайда министрлікті жаба салуға да болады», - деді Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы.
Осы басылымның жазуынша, Статистика агенттігі мүгедектердің хал-ахуалын сипаттайтын, олардың проблемасын анықтауға мүмкіндік беретін және әлеуметтік саясаттың осы саласында шешімдер қабылдауға негіз болатын мәліметтерден тұратын әлеуметтік зерттеудің жаңа түрін енгізді. Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне келген Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың сөзіне қарағанда, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту және олар үшін қолжетімді инфрақұрылымдар жасау жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындау шеңберінде Агенттік 2014 жылы гендерлік ерекшелікті ескере отырып, ересектер және балалар бойынша жеке зерттеу жүргізудің 2 жаңа әдісін қолданысқа енгізіп отыр. Осы жайында «Әлеуметтік зерттеудің жаңа түрі енгізіледі» атты мақаладан оқыңыз.
***
«Түркістан» газетінің соңғы санында «Франциядағы қазақтар» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Францияда тұратын қазақтар және олардың бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері жайында баспасөз беттерінде және электронды БАҚ-та біршама айтылып, жазылып жүргенімен Франция жеріне қазақ баласы дәл қай кезден аяқ басып, қалай қоныстана бастағаны осы уақытқа дейін жақсы зерттеле қоймаған тақырыптардың бірі. 1812 жылы орыс-француз соғысы басталған кезде Ресей империясы үшін орыстармен бірге империя құрамындағы кавказ халықтарының өкілдері, татар, башқұрт, қалмақ секілді орыс емес ұлттардан құралған әскери құрамада қазақтар да Наполеонға қарсы соғысқа қатысқан. «Тарихи деректер сол кезде Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бір бөлігі - Орынбор губерниясында 40 атты әскер полкінің құрылғанын айтады. Қазақ сарбаздары Ресей үшін қанды майданда бастарын бәйгеге тігіп, орыс шекарасынан Франция жеріне дейін барып соғысыпты», - деп жазады басылым.