А.Мырзахметов: Жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуеті кеңінен пайдаланылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Қостанай облысында өткен кеңесте қайта өңдеу кәсіпорындарын толық қуатында жұмыс жасату бойынша қолға алынған шараларды тізбектеді, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметінен.
«Елбасының жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыс жасауды тапсырғаны белгілі. Мәлім болғандай, еттің 70% және сүттің 80% жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Алайда, жануарлардан алынған өнім қайта өңделмей қалып жатыр. Яғни, бұл өнімді әзірлеу мен өткізу мәселелерінің шешілмегендігі салдары. Нәтижесінде біздің қайта өңдеу кәсіпорындары 60%-ға ғана жүктелуде», - деді ол.
«Осыған байланысты, Министрлік ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы қайта өңдеу кәсіпорындарын толық қуатында жүктеу шараларын қолға алуда», - деп атап өтті А.Мырзахметов.
Сонымен қатар, министр Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 280 мың тұрғын барлығын айтты.
«Олардың ішінде 77 мыңы аса белсенді және өнімді жұмыс жасауда», - деп түйіндеді А.Мырзахметов.
Айта кетейік, Кеңеске облыстың және шекаралас аймақтардың ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері, қызығушылық танытқан мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, «Қазақстанның Ет одағы» ДКЖЗТБ, «Қазақстанның Сүт одағы» ЗТБ, «Қазақстанның құс өсірушілер одағы» ЗЖТБ, «Қазақстаның фермерлер одағы» РҚБ және де «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ өкілдері мен еншілес ұйымдары қатысты.