А. Мырзахметовтің елордалық зиялы қауыммен кездесуінде Елбасы ұсынған Ұлы дала ұғымын қалыптастыру мәселесі қозғалды

Кездесуге жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, белгілі қаламгер, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов, жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Мырзакелді Кемел, сыншы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашев және т.б. белгілі тұлғалар қатысты. «Дағдарыстар - өтпелі, құндылықтар - мәңгілік» тақырыбымен өткен жиында партияның елдің мәдени-рухани дамуындағы, қоғамның бірлігі мен ынтымағын арттырудағы қызметі мен мақсат-міндеттері, Елбасы ұсынған Ұлы дала ұғымын қалыптастыру және осынау жалпыхалықтық істегі зиялы қауымның рөлі сөз болды.
Ұлттың мәдени-рухани өркендеуі елдің тұтас дамуында аса маңызды орын алатынына тоқталған Партия Төрағасының Бірінші орынбасары өз сөзінде елдегі жетекші саяси күш ретінде «Нұр Отанның» атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімеледі.
«Елбасы Халықтық бес реформада болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыруда мемлекет құраушы ұлт ретінде халқымызға ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап көрсетті. Осынау істе өздеріңіздей ел жақсыларының атқаратын рөлі ерекше. Мемлекет басшысының тәуелсіздікті нығайту жолындағы батыл бастамаларының жүзеге асуы елдің мәдениеті мен әдебиетінің, өнерінің дамуына сүбелі еңбек сіңірген сіздердің көз алдарыңызда. Алдағы уақытта қоғамды осы қол жеткен жетістікті ары қарай жалғауға жұмылдыру парыз. Бүгінгі кездесуде басты мақсат - өздеріңізбен осы мәселе бойынша ой бөлісу», - деді А. Мырзахметов.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Дағдарыстар - өтпелі, құндылықтар - мәңгілік» тақырыбымен өткен кездесу барысында жаһандық экономикалық қиындықтар тұсында еліміздің сын-қатерлерден сүрінбей өтуі үшін қоғамдағы бірліктің нығая түсуі барынша маңызды екеніне, осы тұста зиялы қауымға үлкен сенім артылатынына тоқталды.
Сонымен қатар, жиында Елбасының Қазақстанды әлемге Ұлы дала ұранымен таныту жөніндегі идеясының көкейкестілігі, осынау ұғымды ұлттық бренд ретінде қалыптастыру мәселесі жан-жақты айтылды.
Бүгінде партия 865 мыңнан астам нұротандықтың басын қосып отырған болса, соның ішінде зиялы қауымның үлесі ауқымды. Ел игілігі жолындағы бастамаларға қоғамды жұмылдыруда партияластардың 30,4%-ын, яғни 263 341 адамды құрайтын білім мен ғылым, мәдениет саласының өкілдері - аса үлкен күш. Олар партияның қоғамның бірлігі мен ынтымағын бекемдеуге бағытталған кешенді де ауқымды шараларына сүбелі үлес қосып келеді.
Биыл барша Қазақстан халқы кеңінен мерекелеп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы мерекелеріне «Нұр Отан» партиясы айрықша басымдық беріп, осы атаулы мерейтойлар аясында түрлі шаралар өткізіп келеді.
«Нұр Отан» қоғамда бірлік пен ынтымақты сақтау мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесі алаңында білім мен мәдениетті сақтау және дамыту, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту сияқты көкейкесті мәселелер кеңінен талқыланып, шешімін табуда.
Отырыстардың қорытындысы бойынша ҚР Парламенті мен Үкіметіне, тиісті министрліктерге мәдениет пен руханияттың түрлі бағыттарын дамытуды көздеген 300-ге жуық нақты ұсыныстар әзірленіп, жолданды. Бұл ұсыныстар Кеңестің тұрақты қадағалауында.
Әңгіме барысында отандық мәдениетті дамыту мәселелері мен бүгінгі әдебиеттің беталысы жайлы сөз болды. Зиялы қауым өкілдері өздерінің шығармашылық жоспарлары жөнінде әңгімеледі.
Кездесудің соңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары қонақтарды Конституцияның 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі, деп хабарлайды nurotan.kz.