А.Ревенко ислам дінін қабылдады - БҚО
ОРАЛ. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Орал қаласында тұратын Анатолий Ревенко мұсылман дінін қабылдады.
БҚО орталық мешітінің баспасөз хатшысы Нұрлан Саматұлының хабарлағанындай, бұған себепкер болған облыстағы орталық мешіттің бас имамы Бауыржан Әлиұлы екен. Имамның Ислам туралы, Құранның құндылығы, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі істері туралы әсерлі әңгімесі Анатолийдің тілін кәлимаға келтіруіне түрткі болыпты.
Жасы 22-дегі Анатолий Орал қаласында туып-өскен. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін маркетолог мамандығы бойынша 2009 жылы тәмәмдаған. Спортпен шұғылданады. Ислам туралы діни кітаптарды көп оқиды.
- Үнемі шындық пен әділеттілікті іздейтінмін. Көп уақытым оймен өтеді. Өзіме көптеген сұрақ қоямын, әсіресе, дін турасында көп ойланамын. Ішімдікке, темекіге әу бастан әуестігім болған емес. Қазір өзімнің жаман әдеттеріммен күресіп жүрмін. Туыстарым мен достарымды да дұрыс жолға бағыттауға тырысамын, - дейді Анатолий.
Анатолий Алланың ақ жолына түскенін көп оқығанының арқасы деп біледі. «Мен әлемдегі барлық діндер тарихымен барынша таныстым. Ислам дінін зерделеп жүріп, дұрыс әрі анық жолымды тапқаныма көз жеткіздім. Ислам - Ұлы жаратушыны мадақтау ғана емес, өмірде өзіңді қалай ұстауға болатынын, мәселені қалай шешуге болатынын нұсқап тұратын анық қағида. Ол мейірімділік пен өзгелерді құрметтеуге үйретеді. Біздің қазіргі қоғамға ауадай қажет нәрсенің бірі осы ғой. Көп жұрт Жаратушы туралы ұмытып, қарақан басын ойлайды, осылайша қателік жібереді. Мен исламға әбден көзім жеткен соң келдім. Бізге Алла Тағаланың көмегі тиіп, барлық адасушыларды дұрыс жолға бағыттасын!» - дейді түрі басқа болғанымен, тілегі бір отандасымыз Анатолий Ревенко.