АӘК алушылар азық-түлікті цифрлық ваучер арқылы төмен бағамен сатып алады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерін беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қолжетімді етуге бағытталған.
Жоба негізінде бағаларды тұрақтандыруға арналған «айналым схемасы» тетігі жатыр. Сауда желілеріне жеңілдетілген қайтарымды несие беріледі, ал олар өз кезегінде АӘК алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен сатуға міндеттеледі.
Пилоттық жоба Ақмола облысының Ақкөл қаласында іске қосылып, алдағы уақытта Көкшетау мен Павлодарда жалғасады.
- Цифрлық ваучерлер «eGov Mobile» қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы ұсынылады. АӘК алушы дүкен кассасында QR-кодты ұсына отырып, жеңілдікті автоматты түрде пайдалана алады. Ваучердің сомасы отбасы мүшелерінің санына қарай есептеледі – әр адамға бір айлық есептік көрсеткіш, яғни 2025 жылы 3 932 теңге. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы айына шамамен 16 мың теңгенің ваучерін пайдалана алады, - деп жазды Сауда және интеграция министрлігінен.
Жоба тұрақтандыру қорының есебінен қаржыландырылып, оның 35%-ы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге, 65%-ы отандық өндірушілер мен фермерлерден өнімді форвардтық сатып алуға бағытталады.
Пилоттық кезеңнің нәтижесіне қарай бастама еліміздің өзге өңірлерінде де кеңінен енгізіледі.
Жоба 245 мыңнан астам АӘК алушыны қамтып, әділ әрі ашық әлеуметтік көмек жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.