#Abai175: Татарстанның басты телеарнасы эстафетаны Түменге жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Татарстан: Жаңа ғасыр» телерадио компаниясы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған поэзия эстафетасын Ресей аумағына таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Эстафетаны «Татар-Информ» ақпарат агенттігінен қабыл алған «ТНВ» арнасының ұжымы кезекті Түмендегі әріптестеріне жолдады.

«Жаңа ғасыр» телеарнасының ұжымы қазақ халқының ақыны Абайға арналған #Аbai175 флешмобына қосылды. Бұл флешмобқа эстафетаны бізге «Татар-Информ» ақпарат агенттігі тапсырды. Әріптестерімізге, осы үшін алғыс айтамыз. Біз флешмобты Ресей бойынша жалғастырамыз және қиырдағы түмендік әріптесіміз Софья Хайруллинаға жолдаймыз», - делінген телеарнаның Instagram-дағы парақшасында.

«ТНВ» - татар және орыс тілдерінде 22 сағат бойы хабар тарататын Татарстанның басты ұлттық арнасы. Арнаның контенті Ресейден бөлек Финляндия, Латвия, Литва, Румыния, Болгария, Беларусь, Украина сияқты бірнеше елдің аумағында бес бірдей жерсерік жүйесі арқылы тарайды.

Айта кетсек, #Abai175 челенджі Қазақстаннан Татарстан аумағына «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі мен «Татар-Информ» ақпарат агенттігі арқылы тараған болатын.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығына арналған 9 жасар мектеп оқушысының эстафетасын қабыл алып, оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.

Аталмыш эстафетаны «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы «Egemen Qazaqstan» газетінен қабыл алып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін бес тілде шырқады.

Соңғы жаңалықтар