Абақтыда жазасын өтеушілердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ресми сауалымызға жолдаған жауабында түрмелерде заң бұзушылықтардың алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын мәлімдеді.
— Қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында әрбір жасақта орналасқан терминалдар арқылы шағым түсіру мүмкіндігі қамтамасыз етілген, сондай-ақ жеке қабылдаулар өткізіледі. Мекемелерге қоғамдық бақылау комиссиялары және Ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі бюро мүшелері тұрақты түрде барып тұрады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қазір елімізде 78 түрме жұмыс істеп тұр. Соның бәрі де бейнебақылау камераларымен қамтылған.
— Барлық мекемеде ҚАЖ, ІІМ және прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған жаппай бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚАЖ мекемелеріндегі «Жаппай бейнебақылау» жобасы барлық 78 пенитенциарлық мекемеде енгізілді, — делінген ресми жауапта.
Бейнебақылау жүйелері жасанды интеллект және бейнеаналитика технологияларымен жабдықталған.
— Олар адамның бет-бейнесін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануды, тыйым салынған аймақтарға кіру фактілерін анықтауды, сондай-ақ бейнекамера объективінің жабылғанын анықтауды қамтамасыз етеді, — деп мәлімдеді ведомсвто.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қанша адам өмір бойына түрмеде отырғанын жазғанбыз.