Абай: ашылмаған ақтаңдықтар баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 шілде, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Абай Құнанбайұлының «Махаббатсыз дүние бос» деп басталатын махаббат туралы өлеңін білмейтін қазақ жоқ шығар. Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде Екібастұз қаласының құрметті азаматы, экономика ғылымдарының кандидаты Серік Жақсыбеков деген азаматтың талдау материалы шықты. Автор «Махаббатсыз дүние бос» деп жатталып қалған өлең шумағы түпнұсқада, яғни, хәкім Абайдың жазуынша, «махаббатсыз дүние дос» болған деп, пайымдап отыр. «Соңғы 60 жылдың ішінде халқымыздың рухани абызы саналатын хакім Абай атамыздың еңбектерін әртүрлі баспалар шығарған кітаптарда оның кейбір сөздерінің бұрмаланғандығын және қате басылғандығын айтуды жөн көрдім. Атап айтқанда, сол кітаптарда аса көп қайталанған қателіктердің біріне 1890 жылы жазылған «Кейде есер көңіл құрғырың» деп басталатын өлеңнің үшінші шумағындағы бірінші өлең жолының соңғы сөзі жатады. Бұл шумақ осы жолдар авторының жеке кітапханасында тұрған, 1957 жылы Алматыда Мұхтар Әуезовтің редакциялауымен жарық көрген Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының 1-томының 121-бетінде:
«Махаббатсыз дүние дос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар», - деп жазылған.
Осы шумақтың 1-жолы « Махаббатсыз дүние дос», деп жазылса, ал кейбір жинақтарда «махаббатсыз дүние бос» болып өзгереді. Бірінші өлең жолындағы «дүние дос» немесе «дүние бос» деген мағыналары бөлек екі сөз тіркесі оқырмандар арасында біріне-бірі қарсы пікірлер тудыратыны белгілі. Оған мынадай бір мысал. Бірде Екібастұз қаласындағы «Отарқа» атты газетке «Махаббат мәдениеті хақында» деген мақала жазып, сонда ұлы Абайдың: «Махаббатсыз дүние дос, Хайуанға оны қосыңдар», деген екі өлең жолын мысалға алған едім. Содан кейін бір күні аталмыш мақаланы оқыған бейтаныс бір келіншек үйіме телефон соғып: «Ата, сіз газетке шыққан мақалаңызда «Махаббатсыз дүние бос» демей, «Махаббатсыз дүние дос» деп Абай атамыздың сөзін неге өзгертіп жібердіңіз?» демесі бар ма?! Мұндай тосыннан қойылған сұраққа өз білгенімше дұрыс жауап бергендей болдым. Дегенмен, ол келіншектің менің айтқандарымды қабылдамаған сыңайлы екенін сездім», - дейді автор. Автордың одан арғы қызықты әрі дерекке толы талдауын «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жарық көрген «Абай: ашылмаған ақтаңдар» атты мақаладан оқыңыздар.
Ал «Казахстанская правда» басылымы түрмеде отырғанын бизнеске айналдырған Семей қаласының тұрғыны жайлы жазады. «Түрмеде отырып шыққан ол колония басшысымен дос» деген ақпаратты әлгі азамат өзі таратты ма, әлде алыпқашпа әңгіме өзі өршіп кетті ме, әйтеуір былтыр түрмеде отырып шыққан азамат темір тордан шыққаннан кейін де колониядағы бүкіл жағдайдан хабардар деген пікір қалыптасқан. Осылайша, бұл факт кәдімгі бизнеске айналған. Мысалы, қалада тұратын Б. есіміді әйел адам өз таныстары арқылы біз айтып отырған М.деген азаматтың таныс-тамырлығы туралы естіп, сол колонияда жатқан ағасына көмектескісі келеді екен. Б.деген әйел мен М.деген «делдал» кездескенде, соңғысы ақша болса, ағасының жазасы жеңілдейтінін, яғни, ақша табылса, қолдан келмейтін дүние жоқ екенін айтып, ағасын уайымдаған әйелді қуантып қояды. Осылаша, колония басшысына су жаңа теледидар, ал өзіне 300 мың теңге керек екенін айтып, осы екі талап орындалса, ағасының құжаттары бір-ақ күнде рәсімделетінін айтады. Бұл оқиға туралы газеттегі «Криминальный посредник» атты мақаладан толығырақ оқи аласыздар.
***
«Экспресс К» басылымының хабарлауынша, Қазақстанда зергерлік дүкендер жабылуға мәжбүрленіп жатыр. Себебі, арзан алтын әкеліп сататын контрабаншылармен арадағы бәсекеге шыдас беру қиын екен. Контрабаншылар әкеліп сататын жүзік пен алқалар нарықта өзге зергерлік дүкендердің тауарларынан қарағанда, 70 пайызға арзан екен. Бұл туралы толығырақ «Золотая лихорадка» атты мақаладан толық оқи аласыздар.