Абай атындағы кітапхананың жобасы АҚШ елшілері қоры бағдарламасының жеңімпазы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың сирек қорын сақтау, қалпына келтіру және цифрландыруға бағытталған жобасы Мәдени мұраны сақтауға арналған АҚШ елшілері қоры (Ambassadors Fund for Cultural Preservation – AFCP) бағдарламасының жеңімпазы болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба сирек қолжазбалар мен көне басылымдарды, соның ішінде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасына қатысты құнды деректерді және ақынның өзі пайдаланған кітаптарды сақтауға бағытталған. Бұл жұмыстың маңызын кітапхана тарихындағы құнды деректер де айқындай түседі.
1885 жылы Семейде болған америкалық зерттеуші, жазушы әрі журналист Джордж Кеннан кітапханаға келіп, Абай пайдаланған кітап қорымен танысқан. Кейін өз еңбектерінде қазақ ойшылы туралы жазып, оның есімін ағылшын тілді оқырманға алғашқылардың бірі болып таныстырды.
— Алдағы уақытта сирек қолжазбалар мен басылымдарды қалпына келтіру және цифрландыру жұмыстары жүргізіледі. Заманауи технологиялар құнды мұраларды ұзақ мерзімге сақтап, оларды ғылыми-зерттеу, білім беру және ағартушылық мақсатта кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді, — делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан бұрын елімізде бірыңғай ұлттық электронды кітапхана құрылатынын жазғанбыз.