Абай Байгенжин елімізде алғаш болып «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Президент құрметін иеленген азаматтар қатарында Ұлттық ғылыми медициналық орталық АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин елімізде алғаш болып «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды. 

Абай Байгенжин елімізде алғаш болып «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды
Фото: Ақорда

«Көңіл күйім керемет, бүгін орны ерекше марапатқа ие болдым. Еліміздің медицина саласында қызмет етіп жүрген жүздеген, мыңдаған дәрігерлер еңбегі еленді деп білемін. Себебі биыл «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы алғаш рет беріліп отыр. Мен 54 жыл дәрігер болып келемін, оқуды қосқанда 60 жыл. Бүгін мен алсам ертең және одан әрі менің әріптестерім осы атақты алады, олардың бәрі лайықты», - деді Абай Байгенжин агенттік тілшісіне берген сұхбатында. 

Абай Байгенжин елімізде алғаш болып «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды
Фото: «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ

Медицина саласында 50 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Абай Қабатайұлы үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алу, күтпеген сый болыпты. 

«Дәрігерлердің жұмысының басталатын уақыты бар, бірақ аяқталатын уақыты жоқ», - деп әзілдеп, ақ халатты жандардың еңбегі ерен екенін айтты. 

Сондай-ақ, құрметті дәрігер елімізде ауыл медицинасына ерекше назар аударылып жатқаны қуантатынын жеткізді. 

Айта кетейік, Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

Соңғы жаңалықтар