Абай философиясы және заманауи бизнес: Елордада мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер туралы бірегей кітап жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы Назарбаев Университетінде мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өмір жолы мен табысқа жету тарихы баяндалған «Толық адамның 45 келбеті» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Жинаққа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 45 кәсіпкердің тағдыры енген. Жоба авторларының айтуынша, бұл кейіпкерлердің қажырлы еңбегі Хакім Абайдың «Толық адам» концепциясының заманауи көрінісі іспеттес.

Жиында Назарбаев Университетінің президенті, профессор Ахмат Вакар әрбір адамның қоғамда өз орны бар екенін айтты.
— Абай Құнанбаевтың «Кетігін тап та, бар қалан!» деген дана сөзін еске салғым келеді. Бұл қарапайым өлең жолдарында терең мағына жатыр. Әрқайсымыздың бұл дүниеде өз орнымыз бар және қоғам тек саусақпен санарлық адамдар табысқа жеткенде емес, әрбір жан өз орнын тауып, абыроймен еңбек еткенде ғана қуатты болады. Бүгін біз тек кітаптың шығуын емес, нағыз тұлғаларды ұлықтап отырмыз, — деді Ахмат Вакар.
Зерттеу жобасының жетекшісі, профессор Шумайло Юсуфзай 2019 жылы Қазақстанға көшіп келгенде көшелерден ерекше қажеттілігі бар жандарды көп кезіктірмегенін айтты. Дәл осы жағдай зерттеуге итермелеген екен. Ол жүйелі ізденістің нәтижесінде Абай философиясын іс жүзінде қолданып жүрген кәсіпкерлерді тапқанын жеткізді.

Кітап кейіпкерлерінің бірі, белгілі суретші Анара Абжанова өзінің 28 жылдық шығармашылық жолындағы жетістіктерімен бөлісті.
— Мен Алматы қаласынан келдім. Өнер саласында жүргеніме 28 жыл болды. Менің картиналарым Париждегі Лувр галереясында, Жапония елінде және АҚШ-та Нью-Йорк қаласында көрмеге қойылды. Астана қаласындағы үлкен жарнамалық панолар — менің жұмыстарым. Менің басты құндылығым — ұлттық бірегейлік, — деді Анара Абжанова.
Жиында сөз алған тағы бір кәсіпкер, 20 жылдан астам уақыт омарта шаруашылығын дөңгелетіп отырған Владимир Львов жоба аясындағы тренингтердің маңызына тоқталды.
— Шынымды айтсам, 4 күн ішінде адамның санасы осыншалықты өзгереді деп ойламаған едім. Бұған дейін менде өзім түсіне алмайтын кейбір ішкі кедергілер болған. Мұндағы ұстаздармен жұмыс істеу барысында мен өз күйімді, түсінбеген тұстарымды айқындап алдым. Енді өз бизнесімді қалай жақсарту керек, адамдармен қалай жұмыс істеп, маркетингті қалай жүргізу керек деген нақты білім қалыптасты, — деді Владимир Львов.

Айта кетейік, кітап алғашқыда ағылшын тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылған.
Бұған дейін Қарағандыдағы инклюзивті арт-кафе ашылғанын жазған едік.