Абай мұражайының жетекшісі ИКОМ медалімен марапатталды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлауынша, Болат Жүнісбеков бұған дейін жиырма жылға жуық Алматы қаласында ішкі саясат пен мәдениет салаларына жетекшілік етіп, бес жылдан астам уақыт Астана қаласында «АЛЖИР» мемориалдық мұражай кешені мен «Астана» сурет галереясында директоры қызметін атқарған.
Бірақ, Болат Жүнісбекұлының өзі: «Бұл медаль, ең алдымен, Ұлы ақын мұражайы ұжымының еңбегіне берілген лайықты баға», - деп санайды. Ұлы Абай (ИбраҺим) Құнанбайұлының өмірі мен қайталанбас шығармашылығының куәсіндей асыл мұраны көздің қарашығындай сақтаудан асқан абырой жоқ. Соған орай, хәкім Абайдың енді бес жылдан кейін болатын торқалы тойына дайындықты қолға алған мұражай ұжымы өз алдарында тұрған зор жауапкершілік жүгін терең сезінеді.
Б.Жүнісбековке «ИКОМ» медалін, оның Қазақстандағы ұлттық комитеттің атынан республикамыздың Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітқан Мұңалбаева тапсырды.
Ол Семейге келген іссапарында Абайдың Жидебайдағы, Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйлерін аралап көрді және ұлы ақынның өміріне қатысты тарихи орындармен танысып, мұражай шырақшыларының қызметіне шын жүректен тілектестігін «тағы бір оралып келгенше асығамын» деген жылы лебізімен білдірді.