Абай облысы қайта құрылғаннан бері Үкімет резервінен 44,3 млрд теңге алған
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта Абай облысын дамытуға қандай көздерден қаражат бөлініп жатқанын айтқан.

— Абай облысы құрылған сәттен бастап Үкімет резервінен жалпы сомасы 44,3 млрд теңге (2022 жылы — 6,6 млрд теңге; 2023 жылы — 28,8 млрд теңге; 2024 жылы — 8,9 млрд теңге), соның ішінде Семей қаласындағы 7 әкімшілік ғимаратты күрделі жөндеуге (11 млрд теңге) қаражат бөлінді.
Осымен қатар республикалық бюджетті кезекті нақтылау кезінде (шамамен биылғы маусым айында) Жаңасемей және Мақаншы аудандарында әкімшілік ғимараттардың құрылысына қаражат бөлу мәселесі қаралады. Бұл ретте қазіргі уақытта аталған аудандардың барлық әкімшілік органы уақытша жалға алынған офистік үй-жайларда орналасқанын айта кеткен жөн, — деп жазады Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, Премьер-министр жауабында биыл өңірдегі облыстық және аудандық жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен 9,9 млрд теңге бөлу жоспарланғаны айтылған.
— Бүгінгі таңда облыстық маңызы бар «Аягөз — Қарауыл» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 218 шақырым болады. Биыл автомобиль жолының 2 учаскесінде (84-99 км және 97-117 км) жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, — делінген жауапта.
Ресми жауаптан Абай облысына Тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы аясында биыл 149 жалдамалы пәтер сатып алуға 2,1 млрд теңге қарастырылғанын ұғуға болады.
— Облыс әкімдігі биыл кредиттік тұрғын үй аясында 113 мың шаршы метрді (1870 пәтер) 2 салуға және сатып алуға 8,8 млрд теңгеге өтінім берген. Бүгінгі күні 2,8 млрд теңге мақұлданды, — дейді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, бүгін Абай облысында түрмеде жазасын өтеп жатқан адамның қаза болуына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды.