Абай облысы Көкпекті ауданында 22 оқу кабинеті жабдықталмақ
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысындағы Көкпекті ауданындағы орта мектепте 22 оқу кабинеті жабдықталып жатыр.

Көкпекті ауданында «Ауылды жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектепті жарақтандыру жүргізіліп жатыр. «Қазақстан халқына» қоры Көкпекті ауданындағы мектепті қоса алғанда республикадағы тірек мектептерді жаңғыртуға 250 млн теңге бөлді.
«Бұл бағдарламаның мақсаты – ауыл мектептерін дамытудың тиімділігін арттыру, елдегі жетекші оқу орындарымен әріптестікті қамтамасыз ету, қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту. Сонымен қатар материалдық-техникалық жарақтандыру мен педагогтердің кәсіби дамуына теңдей жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектепте 22 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары жабдықталып жатыр. Олардың қатарында STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия және оқушыларға арналған коворкинг алаңымен қамтылған заманауи кітапхана бар», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.
Мектепті заманауи техникалық құралдармен жарақтандыру жұмыстарын 25 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.