Абай облысын көгалдандыруға әртүрлі ұлт өкілдері өз үлестерін қосты

көріктендіру
Фото: Абай облысының әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күніне орай бірқатар іс-шара өтуде. Көкпекті ауданының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қоршаған орта мен табиғатты қорғауға үлес қосу үшін Жеңіс саябағына жиналды. Нәтижесінде, 150-ге жуық көшет отырғызылды.

Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» эко-акциясы аясында өтті.

​Акцияға оқушылар, аудан тұрғындары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

​Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға осы игі іске ат салысқандары үшін алғысын білдірді.

Акцияның әрбір қатысушысы көшет отырғызып, елі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екендігін көрсетті. Олар отырғызылған ағашты күтіп, уақытылы суғарады.

Іс-шараға түрлі ұлт өкілдері жиналды. Мысалы, Альфия Гусейнова - әзербайжан. Көкпекті ауылында туып-өскен. Қазір көпбалалы ана, әрі Көкпекті орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді.

1 мамыр
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Бүгінгі акция туралы ести сала ауылымның гүлденуіне үлес қосу үшін келдім. Өз көшетімді отырғызып, келесі жылы отбасыммен толықтай келіп көшет егетін жоспарымыз бар», - дейді аудан тұрғыны Альфия Гусейнова.

Елена Вебердің ұлты – неміс. Ауылда бірнеше жылдан бері тұрады және ауданның дамуында өз ізін қалдыру үшін акцияға белсенді қатысты.

«Бүгін ауданымызда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үлкен іс-шара өтіп жатыр. Осы ауылдың тұрғыны ретінде ауылдың гүлденуіне өз үлесімді қосу үшін көшет отырғызу акциясына келдім. Жалпы бұндай акциялар алдағы уақытта да жиі өткізіліп отырса екен деген тілегім бар. Себебі табиғатты аялап, қорғау баршамыздың міндетіміз», -дейді Елена Вебер.

​Жалпы, Абай облысында 49 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар