Абай облысында 12 бала жол-көлік оқиғасынан көз жұмған

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу жылы аяқталған кезеңде Абай облысында жол қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

с
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

18–25 мамыр аралығында Абай облысының аумағында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Абайлаңыз, балалар!» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Іс-шараның негізгі мақсаты — жол-көлік оқиғаларын ескерту және олардың алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады. Бұл бағытта облыстың барлық білім беру ұйымдарында оқушылармен және ата-аналармен арнайы кездесулер ұйымдастырылып, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен олардың зардаптары туралы нақты мысалдар келтіріледі. Сонымен қатар, аталған тақырыптарда лекциялар мен әңгімелер өткізіліп, балаларға қауіпсіз мінез-құлық дағдылары қалыптастырылады.

— «Абайлаңыз, балалар!» акциясы — тек жол қауіпсіздігін сақтау ғана емес, сонымен қатар балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғам мүшелерін балалардың қауіпсіздігі мәселесіне бей-жай қарамауға шақыратын маңызды жоба. Тек былтырғы жылдың өзінде облысымызда 12 бала Жол-көлік оқиғасынан көз жұмды. Ата-аналар мен оқушылардан жолда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтау мен өзара сыйластықты арттыруға шақырамыз. Бірге жасалған әрбір қадам — болашақ ұрпақтың өмірін қорғауға қосқан үлес, — деп ескертті тәртіп сақшылары.

Осыған дейін Түркістан облысында жарысқа бара жатқан 3 жасөспірім жол апатынан көз жұмғанын жазғанбыз.