Абай облысында 358,8 шақырым жергілікті жол жөндеуден өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл өңірде жергілікті жолдарды жөндеуге 21,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли мәлім етті. 

Абай облысында 358,8 шақырым жергілікті жол жөндеуден өтіп жатыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

— Биыл көптен күткен республикалық маңызы бар «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының 184 шақырымы аяқталды. Бұл бағыт өңірдің ішкі және сыртқы көлік байланысын жақсартып, облыстың көршілес Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен шекаралық сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Талдықорған — Қалбатау — Өскемен» автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір негізгі бөлігіне асфальт төселіп, соңғы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Өңір басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, бүгінде Қытайдың Чайна Рэйлвей Эйша-Еуроп Констракшн Инвестмент компаниясымен («China Railway Asia-Europe Construction Investment Co.LTD») Семей қаласын айналып өтетін автожол салу бойынша келісімге қол қойылды. Жоба қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде 2028 жылға дейін жүзеге асырылады. 

— Жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 21,4 млрд теңге қарастырылды, бұл қаражатқа 358,8 шақырым жол жөндеуден өтіп жатыр. Оның ішінде Семей қаласының 52 көшесінде орташа жөндеу, 40 ауланы асфальттау жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ 35 аула абаттандырылды. Қарағайлы және Энергетик шағын аудандарын «Омбы — Майқапшағай» тас жолымен жалғайтын жаңа көше пайдалануға берілді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен веложолдар салынды және шамдардың тірегі орнатылды. Бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңмен жолдар ретке келтіріледі, — дейді ол.

Одан әрі Берік Уәли Семейдегі жаңа көпір жобасына қатысты түсінік берді. 

— Көпірлердің жағдайына келетін болсақ, Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асып жатыр. (Жобаның құны — 46,6 млрд теңге, 2025 жылға дейін игерілгені — 16,8 млрд теңге, 2025 жылға бөлінгені — 10,3 млрд теңге). Жоба Мемлекет басшысының қолдауымен, Қытай Халық Республикасымен өзара іс-қимыл аясында қайтарымсыз қаржы (грант) есебінен аяқталады. Техникалық-экономикалық ынтымақтастық келісімге қол қойылды. Қалған құжаттар пысықталып жатыр, қаражат келесі жылы түседі деп жоспарланып отыр. Аспалы көпірдің үстіндегі жолға биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, — деп түсіндірді облыс әкімі.

Бұған дейін Абай облысын дамытудағы жергілікті инвесторлардың үлесі туралы жазған едік

Айта кетейік, жыл басынан бері Абай облысында 159,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Соңғы жаңалықтар