Абай облысында 50 жолаушы мінген автобус аударылып қалды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Полиция жолаушылар автобусы қатысқан жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру бастады. Бұл туралы Абай облысының ПД хабарлады.
Оқиға 31 қаңтарда сағат 10:30–да Семей–Қайнар автожолының 62-шақырымында, Знаменка ауылы маңында болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 52 жастағы жүргізуші басқарған SETRA маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылып кеткен. Автобус салонында вахталық жұмысқа бара жатқан 50 жолаушы болған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушылар өміріне қауіп төндірмейтін дене жарақаттарын алған. Барлық зардап шеккендерге уақтылы қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Аталған факт бойынша полиция тексеру жұмыстарын бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Айта кетелік Ақмола облысында жүкті әйел мен күйеуі жол апатынан көз жұмған еді.