Абай облысында 62 000-нан аса азамат жеке басты куәландыратын құжат алды
АСТАНА. KAZINFORM — Оның ішінде 42 743-і — жеке куәлік, ал 19 595-і — паспорт, деп хабарлайды Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, миграциялық қызмет Қазақстан Республикасының әрбір азаматы қажетті құжаттарды оңай әрі уақтылы алуына ерекше көңіл бөледі. Бұл құжаттар — жеке басыңызды растайтын және мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін маңызды құрал.
— Қазақстан Республикасының «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңына сәйкес, әрбір азамат және тұрақты тіркеуде тұрған адам өзімен бірге тиісті құжатты алып жүруге міндетті. Бұл — жеке бас пен азаматтықты ресми түрде растау үшін қажет және «Азаматтық туралы» Заңның 4-бабында көзделген. Мұндай құжаттар құқықтық қатынастарды реттеуде маңызды рөл атқарады және азаматтарға сенімділік пен қорғаныс сезімін береді, — деп түсіндірді Абай облысы ПД.
Биыл Абай облысында 15 Халыққа қызмет көрсету орталығында 62 000-нан астам азаматқа құжаттары берілді.
— Оның ішінде 42 743-і — жеке куәлік, ал 19 595-і — паспорт. Айта кету керек, жеке басын куәландыратын құжатсыз немесе жарамсыз құжатпен жүру — әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан құжаттарды уақтылы рәсімдеу — азамат ретінде өз құқықтарыңызды еркін пайдаланып, міндеттеріңізді орындауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Миграциялық қызмет заңнаманың орындалуын қатаң бақылап, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Бұдан бұрын Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпаратқа сәйкес елімізде Қазақстан есімді 28 азамат тұратынын жазған едік.