Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Абай облысында 9 сталкерге сот үкімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында жыл басынан бері сталкинг фактілері бойынша 9 адам сотталған. Облыстық Полиция департаменті қоғам назарын адамның жеке шекарасын бұзатын қайталама қоңыраулар, хабарламалар мен аңду сияқты әрекеттердің қауіптілігіне аударды.

Абай облысында 9 сталкерге сот үкімі шықты
Фото: Абай облысы ПД

— «Мен жай ғана сөйлескім келді», «Оның назарын аударғым келді», «Менің ешқандай жаман ойым болған жоқ» — сталкер өз әрекетін осылай ақтауы мүмкін. Бірақ адамның «жоқ» деген жауабы — нақты шекара. Сталкинг — әлеуметтік желіде қайта-қайта жазу, қоңырау шалу, соңынан аңду, бақылау, қажетсіз кездесулер іздеу арқылы адамның жеке кеңістігін бұзу. Сырт көзге бұл «жай ғана қызығушылық» болып көрінуі мүмкін. Ал жәбірленуші үшін бұл — қорқыныш, мазасыздық және тұрақты психологиялық қысым, — дейді полиция қызметкерлері.

Абай облысында 9 сталкерге сот үкімі шықты
Фото: Абай облысы ПД

Осы мәселенің алдын алу және қоғамға сталкингтің шынайы қауіптілігін түсіндіру мақсатында Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арнайы бейнеролик әзірледі. Сюжетте сталкер өз әрекетін «зиянсыз қарым-қатынас» ретінде көрсетуге тырысады. Алайда адамның қалауын елемеу, оның соңынан қалмау және жеке шекарасын қайта-қайта бұзу — қалыпты қарым-қатынас емес. 

  • Сталкинг — назар аудару емес.
  • Сталкинг — қамқорлық емес.
  • Сталкинг — махаббат емес.
  • Бұл — адамның еркіндігі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қудалау.

— Абай облысында жыл басынан бері сталкинг бойынша 9 адамға сот үкімі шықты. Бұл — оның жай ғана «мазалау» емес, нақты құқықтық салдары бар әрекет екенін көрсетеді. Біреудің «жоқ» дегенін құрметтеу — қалыпты қарым-қатынастың бастауы, — дейді тәртіп сақшылары.

Бұған дейін Қызылордада сталкинг жасаған 4 адамға қатысты үкім шыққанын жаздық.