Абай облысында аса ірі көлемдегі есірткі тасымалына тосқауыл қойылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысының полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі есірткі заттарын тасымалдамақ болғандардың жолын кесті.
«Аягөз-Шеп» стационарлық бекетінде полицейлер Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғыны тізгіндеген Mitsubishi Pajero маркалы автокөлігін тексеру үшін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің тыйым салынған заттарды тасымалдауы мүмкін деген күдік туындады.
- Дәлелдерді жедел түрде тіркеу және тиісті әрекеттерді жүзеге асыру мақсатында оқиға орнына кезекші тергеу-жедел тобы шұғыл түрде жеткізілді. Көлікті тінту барысында өсімдік тектес, жасыл түсті, өткір иісі бар зат салынған екі картон қорап табылды. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 18 099,47 грамм болатын «кептірілген марихуана» есірткі заты болып шықты, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысының полицейлері алданған адамдарға алаяқтардың қайта хабарласып жатқанын ескерткені хабарланған.