23:36, 11 Ақпан 2024 | GMT +5
Абай облысында қар еріп, аулаларды су басты
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында 11 ақпанда таулы беткейлерден қардың көп еруі себебінен көше бойында орналасқан арықтар еріген суға толды. Нәтижесінде «Көк Кемер» қыстауындағы 5 аула учаскесін және Ақсуат ауданының Қызыл-Кесік ауылындағы 7 аула учаскесін су басты.

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, арықты мұз кептелістерінен тазарту жұмыстары мен инертті материалы бар қапшықтарды төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Су басқан жерлерде Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқару органдарының 30-ға жуық адамы және 7 техника, 4 мотопомпа жұмыс атқарып жатыр.