Абай облысында кәсіп ашқысы келетін жастар 1 млн теңге грант ұтып ала алады
Абай облысында жастарды қолдау мақсатында «Zhas project» жобасы басталды, деп хабарлайды Кazinform.

Жобаға 18-35 жас аралығындағы азаматтар қатысып, 1 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау грантын жеңіп, өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыра алады.
Жобаның аймақтық үйлестірушісі Эльзира Жүнісованың айтуынша, республикаға бөлінген 28 гранттың 8-і Абай облысына тиесілі.
«Абай жастары 8 млн теңге көлеміндегі өтеусіз грант ала алады. Ескеретін жайт, қаражат жер учаскелері мен белгілі-бір жабдықты сатып алуға жұмсалатын болса жобалар бағдарламаға қатыса алмайды. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен қолжазбалар жазуға да қолдау көрсетілмейді», - деді Эльзира Жүнісова.
Өтінім «Zhas project» сайтында 9-22 қазан аралығында қабылданады. 23 қазаннан техникалық іріктеу жүргізіліп, жеңімпаздар 1 қарашадан бастап анықталады.
Жобаға басынан аяғына дейін менторлар жетекшілік етеді.
Олардың міндеті – грантқа қолы жеткен қатысушыға әртарапты қолдау көрсету, командаға бағыт-бағдар сілтеу.
Грантты ұтып алған жеңімпаздар онлайн-тренингтен өтеді.
Онда жұмысқа орналасу, әлеуметтік кәсіпкерлік, көшбасшылық сыңды өмірлік маңызды дағдыларды игереді.
Жоба талабына сәйкес, Абай облысының аумағында тұратын, тұрақты жұмысы жоқ, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын ҚР азаматтары қатыса алады.
Бағдарлама екі кезеңнен тұрады – техникалық және конкурстық.
Комиссия құрамы 31 қазанға дейін барлық өтінімдерді қарап, шешім шығарады.