Абай облысында мас күйде көлік айдаған 370 жүргізуші ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында ұсталғандардың ішінде жеңіл, жүк көліктері мен мотоцикл, электросамокат тізгішілері де бар, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Абай облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мас күйде көлік басқару фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Жыл басынан бері облыс аумағында полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйде басқарған 370 жүргізушінің жолын кесті. Оның ішінде жеңіл, жүк көліктері мен мотоцикл, электросамокат тізгішілері де бар. Мұндай құқық бұзушылықтар жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Абай облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Бауыржан Омаровтың айтуынша, мас күйде көлік басқару — жүргізушінің ғана емес, жолдағы өзге де азаматтардың өміріне қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылық.
— Мас күйде көлік басқару — жауапкершілігі жоғары жүргізуші үшін жол беруге болмайтын әрекет. Көлік тізгініндегі адамның бір сәттік жауапсыздығы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан полиция қызметкерлері мұндай фактілердің жолын кесуге және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді, — деді полиция полковнигі Бауыржан Омаров.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік құралын алкогольдік немесе өзге де мас күйде басқармауға шақырады.
Бұған дейін Астанада ұшақ бортында жанжал шығарған мас жолаушы 10 тәулікке қамалғаны белгілі болды.