Абай облысында мердігер инертті материалдарды заңсыз өндірген

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысы Бесқарағай ауданының прокуратурасы Ертіс өзенінің жағалау сызығын нығайтуға бөлінген бюджет қаражатын жұмсау кезінде заң бұзушылықтарды анықтады. 

Абай облысында мердігер инертті материалдарды заңсыз өндірген
Фото: видеодан алынғын скрин

2025 жылдың соңында «Техсервиском» ЖШС өзен жағалауының 600 метрлік учаскесін нығайту жұмыстарын жүргізген.

Прокурорлық тексеру барысында мердігер ұйым инертті материалдарды белгіленген тәртіппен сатып алудың орнына, тиісті рұқсат құжаттарынсыз елді мекен жерлерінен оларды өз бетінше өндіргені анықталды.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабы («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар, қадағалау актісі бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ сот мердігер ұйымды инертті материалдарды сатып алуға бөлінген бюджет қаражатының негізсіз алынған 15,7 млн теңгесін мемлекетке өтеуге міндеттеді. 

Айта кетелік Ұлытауда заңсыз марганец өндіргендер 1 млрд теңгеден астам өнімді шетелге жөнелткен