Абай облысында полицейлер жол үстінде инсульт алған жүргізушіні құтқарды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысының жол-патрульдік полиция қызметкерлері Семей–Павлодар тасжолында түзу жүрмей, шайқала қозғалған жүк көлігін тоқтатты. Жүргізу полицейлерге өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып үлгеріп, артынша есінен танып қалған, деп хабарлайды Абай облысының полиция департаменті.

Абай облысында полицейлер жол үстінде инсульт алған жүргізушіні құтқарды
Фото: Абай облыстық ПД

Оқиға 4 қараша күні сағат 19:00 шамасында Семей – Павлодар тас жолында болған.

Полиция капитаны Балғабаев Азамат, полиция капитаны Қожагұлов Жақсылық және полиция аға лейтенанты Сарбасов Жасұланнан құралған экипаж жүргізушінің көлікті басқаруда қиналып келе жатқанын аңғарып, бірден тоқтатуды шешеді.

Жол-патрульдік полиция
Фото: Абай облыстық ПД

Жүргізуші жол жиегіне тоқтап, кабинадан шығып, өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтқан. Бірнеше секундтан кейін ол есінен танып қалады. Полицейлер дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастап, жүргізушінің жүрек соғысын қалпына келтіре алды. Әр секундтың маңызын түсінген патрульдік қызметкерлер жедел жәрдемді оқиға орнында күтпей, науқасты шұғыл түрде Семей қаласына алып кетеді.

«Қала шекарасына жеткенде олар жедел жәрдем бригадасымен кездесіп, зардап шеккен азаматты медицина қызметкерлеріне табыстады. Дәрігерлер кейін оның инсульт алғанын растады. Патрульдік полицейлердің жеделдігі, кәсіби әрекеті және адам өміріне деген жанашырлығы ауыр жағдайдың қайғылы аяқталуына жол бермей, жүргізушінің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді», делінген полиция департментінің хабарламасында.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде полиция қызметкерлері күйеуіне қоштасу хатын жазған әйелді құтқарды.

Соңғы жаңалықтар