Абай облысында прокуратураның араласуымен 185 жұмысшыға тиесілі 15 млн теңге төленді
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Жарма ауданының прокуратурасы «Жарма Су» және «Горводхоз» КМК қызметіне жүргізілген талдау барысында еңбек және салық заңнамасының өрескел бұзушылықтарын анықтады, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Анықталғандай, 2025 жыл бойы аталған кәсіпорындар жұмыскерлер үшін міндетті зейнетақы, әлеуметтік және медициналық аударымдарды төлемеген.
Соның салдарынан 185 жұмыскердің конституциялық құқықтары бұзылған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде заң бұзушылықтар жойылып, жұмыскерлердің құқықтары толық қалпына келтірілді. Жалпы сомасы 15 млн теңгеден астам міндетті төлемдер өтелді.
Кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау және міндетті төлемдердің толық әрі уақытылы аударылуы Абай облысы прокуратурасының ерекше бақылауында.
Осыған дейін ШҚО-да прокуратурасының кәсіпорын жұмысшыларына тиесілі 14 млн теңге жалақының төленуіне ұйтқы болғаны туралы жаздық.