Абай облысында түрмеден қашып кеткен адам ұсталды
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысында түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан ер адам серуендеу кезінде қашып кеткен.
Әлеуметтік желіде өңірдегі түрмелердің бірінде сотталған адамның қашып кеткені, әлі табылмай жатқаны жайлы ақпарат тарады. Осыған орай Kazinform тілшісі Абай облыстық Полиция департаментіне хабарласып, бұның ақ-қарасын сұрап көрді.
Департаменттің баспасөз қызметі оқиғаны растады. Бірақ ер адам қазір қолға түскен.
- Аталған сотталған азамат 2021 жылы шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Осы жылдың маусым айында жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзғаны үшін оған тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған. Серуендеу кезінде ол уақытша ұстау изоляторының аумағынан заңсыз шығып кеткен. Жедел ұйымдастырылған іздестіру шараларының нәтижесінде ол ұсталып, қайтадан қамауға алынды, - делінген ақпаратта.
Оқиғаға байланысты қызметтік тексеру тағайындалған.
Еске салсақ, осыған дейін Атырау түрмесінде кәсіпкерлердің шағымынан кейін жалдау ақысы төмендетілгені хабарланған.