Абай облысында заңсыз ағаш кесудің 12 дерегі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы облыс полицейлері ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау деректерінің алдын алу және анықтау бойынша кешенді шаралар қабылдады, деп хабарлайды Абай облысы ПД баспасөз қызметі.
— Жыл басынан бері құқық қорғау органдары табиғатқа қарсы бағытталған құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде орман және жасыл аймақтарға келтірілген зиянға қатысты 12 заңсыз факт анықталып, жолы кесілді. Бұл көрсеткіш экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бақылау жұмыстарының тиімділігін көрсетеді. Аталған құқық бұзушылықтар негізінен рұқсатсыз ағаш кесу, бұталарды заңсыз жою және табиғи өсімдіктерді әдейі зақымдау фактілерімен байланысты, — делінген ПД таратқан ақпаратта.
Абай облысы Полиция департаменті табиғатты қорғау — әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтеді. Жасыл желек өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтайтын маңызды ресурс саналады. Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарауға және құқық бұзушылық фактілеріне куә болған жағдайда полиция органдарына хабарлауға шақырады.
Осыған дейін Павлодарда орман қорғау мекемесінің қызметкері заңсыз ағаш кесумен айналысқанын жазғанбыз.