Абай облысында жылдамдық асырған 8 мыңнан аса жүргізуші жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында қала сыртындағы трассаларда жыл басынан бері 8000-нан аса құқықбұзушылықтың жолы кесілген, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ведомство атап өткендей, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаттарының бірі — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің жол қозғалысы қағидаларын сақтау мәдениетін қалыптастыру.
— Жыл басынан бері қала сыртындағы трассаларда құқықбұзушылықтардың ең көп үлесін белгіленген қозғалыс жылдамдығын асыру құрайды. Осы санат бойынша 8148 құқық бұзушылықтың алды алынды. Жылдамдық режимін сақтау — жол қозғалысының негізгі талаптарының бірі. Белгіленген шектен асыру жүргізушінің жол жағдайына дер кезінде әрекет ету мүмкіндігін төмендетіп, жолдағы тәуекелдерді арттыруы мүмкін, — дейді тәртіп сақшылары.
Сонымен қатар, көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы бағытта айырысу немесе басып озу қағидаларын бұзу, сондай-ақ ұйымдастырылған көлік немесе жаяу жүргіншілер колоннасын кесіп өту не оның құрамына кіру бойынша 132 құқық бұзушылық анықталды. Мұндай жағдайларда әрбір жүргізуші жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін ескеріп, маневр жасау кезінде белгіленген талаптарды сақтауы қажет.
Сондай-ақ, жол қозғалысы қағидаларында тыйым салынған жағдайларда қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығу, оның ішінде кері бұрылу немесе бұрылу кезінде қарсы жолаққа шығу бойынша 14 құқықбұзушылықтың жолы кесілді.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан апаттық жағдай туғызу, яғни басқа қозғалыс қатысушыларын жылдамдығын немесе қозғалыс бағытын күрт өзгертуге мәжбүр ету бойынша 183 құқық бұзушылық анықталды. Жолдағы әрбір әрекет өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне әсер ететіндіктен, қозғалыс кезінде белгіленген талаптарды сақтау маңызды.
Полиция департаменті жол қозғалысы қауіпсіздігі тек бақылау шараларымен ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігімен де қамтамасыз етілетінін алға тартты. Жол белгілерін сақтау, белгіленген жылдамдық режимінен аспау, қауіпсіз арақашықтықты ұстану және өзге жол қозғалысына қатысушыларды құрметтеу — қауіпсіз қозғалыстың негізгі қағидалары. Әрбір жүргізушінің тәртіптілігі мен жауапкершілігі жолдағы қауіпсіз ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Жол қозғалысы қағидаларын сақтау — заң талабы ғана емес, адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарты.
Бұдан бұрын Абай облысы ПД қатары жыл басынан бері 68 жас маманмен толыққанын жаздық.