Абай облысындағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтермек

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай ауданы Қарауыл ауылында өтіп жатқан «Абай күні» мерекесінде «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені салынатындығын жеткізді.

Абай облысында «Абай күні» мерекесі басталды
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

- Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдырады. Сонымен қатар Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, инернет қосылады. Осылайша, Абай тойы қарсаңында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды, - деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, облыстық бюджет есебінен жүзеге асатын бұл жұмыс туристер ең көп келетін қасиетті орынның ғана емес, аудан жұртшылығының қажеттілігін өтеп, ел игілігі үшін қызмет ететін болады.

- Сондай-ақ Абай мұрасын толық бір интернет платформаға жинақтап, осы кезге дейінгі Абайтанудың барлық қазыналары мен Абай төңірегіндегі барлық мәліметтерді топтастырған «Абай академиясы» порталы іске қосылды. Бұл ізденушілер үшін ең ауқымды академиялық алаң болмақ. Бұлар көптеген мәдени іс-шаралар мен салтанатты кештерден, хакім құрметіне шығып жатқан кітаптар мен ғылыми конференциялардан бөлек атқарылып жатқан шаруалардың бір парасы ғана.

Қысқасы, Абайдың мұрасы – ұлттық өркениетіміздің ең биік шыңы. Әдебиет, театр, кино, музыка, бейнелеу өнері бәрі де Абай рухында жаңа биікке көтерілуі тиіс. Абай идеяларын үнемі заманауи платформаларда насихаттау - біздің міндетіміз. Бүгінгі ұрпақ хакімнің мерейлі датасын тойлап қана қоймай, оның идеяларын іске асыруға, оны өмір сүру дағдысына айналдыруға ұмтылуы керек. Сонда ғана бұл той нағыз ел мерейі болмақ. Әйгілі испан ғалымы, кезіндегі ЮНЕСКО бас директоры Федерико Майор «Абай – заманалар есімін өшіре алмайтын дана» деген еді. Иә, Шыңғыстаудың бауырында туып, даналықтың шыңына шыққан хакім Абайдың есімін ешқандай уақыт дауылы, заман құйыны өшіре алмайды, - деді Абай облысының әкімі.

Өз сөзінде ол Абайдың рухы қазақ халқының өркениетінің өзегі, біздің дамуымыздың қозғаушы күші болып қала беретіндігін жеткізді.

Еске салсақ, осыған дейін Берік Уәлидің Абай тойында өңірге жасалған ең басты сыйлық – «Абайға құрмет» акциясы екендігі жайлы айтқанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар