Абай облысындағы Бесқарағай ауылында «Ғашықтар» саябағы ашылды

Саябақ
Фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысы Бесқарағай ауданының орталығында «Ғашықтар» саябағы ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа саябақ Бесқарағай ауданы Бесқарағай ауылындағы Әуезов көшесінің бойында орналасқан.

«Саябақта абаттандыру жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 440 шаршы метр жерге қоршау орнатылды. Жаяу жүргіншілер жолына терек пен 10 көк шырша көшеті отырғызылды», - делінген ақпаратта.

Алаңда көпір мен жүрек түріндегі шағын архитектуралық пішін, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. Сондай-ақ саябақ қуаты 150 Вт болатын 6 шаммен жарықтандырылған.

«Ғашықтар» саябағының ашылуында жастар некесін қиды. Ал оларға Жетіжар ауылының құрметті азаматтары ақ батасын берді.

Айта кетейік, былтыр Семейде аспалы көпірдің астында демалыс орны пайда болған еді. Онда скейт парк, паркур және воркаут алаңдары бар.

Көпірасты алаңы бірнеше бөлікке бөлінген. Стритболға арналған спорттық аймақ, фитнес аймақ және балалар ойын алаңы. Алаңның жалпы ауданы – 3500 шаршы метр. Ертіс жағалауына жақын маңда дәмхана павильондары жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар