Абай облысындағы эвакуацияланған ауылда полиция тәртіпті қамтамасыз етіп жатыр
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысының Приречное ауылында ірі өрттің салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Оған полиция да тартылды.

Жағдай жедел қызметтердің ерекше бақылауында тұр.
Зардап шеккен аймақта тәулік бойы полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар эвакуацияланған тұрғын үйлерге бақылау орнатқан. Бұл – мародерлік оқиғаларға жол бермеу және жапа шеккендердің мүлкін сақтау мақсатында қабылданған шаралар.
— Төтенше жағдайлар департаменті және өзге де шұғыл қызметтермен өзара іс-қимыл күшейтілген режимде жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсат — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, — деп мәлімдеді Абай облысы полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары сондай-ақ тұрғындарға сабыр сақтап, құтқарушылардың нұсқауларын қатаң ұстану қажеттігін еске салады.
Бұған дейін хабарланғандай, Абай облысында дала өртіне байланысты тұтас бір ауылды көшіруге тура келді.
Жалын жеке тұрғын үйлерге тараған. Күшті жел мен қою түтін салдарынан ондаған отбасы эвакуацияланды.
Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнында 100-ден астам адам, арнайы техника мен ТЖМ тікұшағы жұмылдырылған.