Абай облысындағы Шаған кенті неге 2 жыл бойы картадан жоғалып кетті

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысындағы Шаған кентінің тұрғындары 2024 жылдан бері жер ала алмай, көліктерін өз мекенжайы бойынша тіркей алмай жүргеніне шағымданды. Себебі кент өз мәртебесінен айырылып, картадан жоғалып кеткен. Осы ретте Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.

а
Фото: Мерей Қайнарұлы

Кенттің мәртебесі жоқ

Кеңес Одағының жабық әскери қалашығы ретінде салынған Шаған кентінің тіршілігі кезінде қыж-қыж қайнап тұрған. Ол құпия әскери инфрақұрылымның бір бөлігі болды және онда әскерилер мен олардың отбасылары тұрды.

КСРО ыдырағаннан кейін кент қаңырап бос қалды. Үйлері бұзылып, өңі кеткен мекенде халық саны да жыл өткен сайын азая берді. Ал бүгінде осында 500-ден астам адам ғана тұрып жатыр. 

Соңғы екі жылда тұрғындар жаңа қиындыққа тап болған. Әңгіменің бәрі 2023 жылдың соңында Абай облысында Жаңасемей ауданының құрылуынан басталды. 

— Жаңасемей ауданы Семей қаласынан бөлініп шықты. Ал бұған дейін Бесқарағай ауданына қараған Шаған кенті сол Жаңасемейге қосылуы тиіс болды. Алайда белгісіз себептермен сол күйі қосылмады. Билік өкілдеріне мәселені талай мәрте көтеріп бардық. Арада екі жыл өтті. Әлі де нәтиже жоқ. Осының салдарынан өз жерімізге көлігімізді тіркей алмаймыз. Кәсіп ашқысы келгендер де жерді немесе құжаттарды рәсімдей алмайтынын айтып жатыр. Себебі біздің кенттің мәртебесі жоқ, — деп өз наразылығын білдірді тұрғындар.

кент
Фото: Мерей Қайнарұлы

Себебі неде?

Kazinform тілшісі әуелі Шаған кентінің әкіміне хабарласты. Ол жағдайдың не себепті бұлай өрбігенін түсіндірді. 

— Кент бойынша жер учаскелеріне акті ресімдеу және беру мүмкін болмаған жағдай елді мекеннің құқықтық мәртебесін жоғалтуымен емес, мемлекеттік ақпараттық ресурстарды жүргізу жүйесіндегі бірқатар техникалық және ұйымдастырушылық кемшіліктерге байланысты болды. Заң тұрғысынан алғанда Шаған кенті ешқашан елді мекен мәртебесінен айырылған жоқ. Оның әкімшілік-аумақтық мәртебесі Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен, облыс әкімдігі мен мәслихатының аудандар шекараларын өзгерту және кентті Жаңасемей ауданына беру туралы шешімдерімен айқындалған. Мәселе Бесқарағай ауданынан Жаңасемей ауданына әкімшілік бағыныстылығы өзгерген Шаған кенті бойынша тиісті өзгерістер уақытылы және толық көлемде бірқатар мемлекеттік ақпараттық жүйелерде, ең алдымен Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрында және онымен байланысты деректер базаларында көрсетілмеуінен туындады. Соның салдарынан әкімшілік-аумақтық бірліктер кодтары және кент бойынша кейбір кадастрлық деректер ұзақ уақыт бойы өзекті емес немесе қате күйде болды. Аталған техникалық сәйкессіздік тіркеу және кадастрлық операцияларды жүргізуге кедергі келтірді, — дейді Ирина Попова. 

Оның айтуынша, өз тарапынан кент және аудан әкімдіктері бұл мәселе туралы облыстық және республикалық уәкілетті органдарды уақтылы хабардар етіп, ресми хаттар жолдады. 

— Тиісті басқармалар, жерге орналастыру және сәулет жөніндегі аумақтық органдар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта мәселе реттелді. Шаған кенті бойынша деректер базаларда көрсетілді. Тіркеу және кадастрлық әрекеттер бұғаттаудан босатылды, жер учаскелеріне алғашқы екі акті берілді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді нақтылау және одан арғы іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргізіледі, — дейді кент әкімі.

ауыл
Фото: Мерей Қайнарұлы

Корпорация өз міндеттерін орындамаған

Ал Абай облысы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Индира Құлжанова Шаған кентінің 2 жыл бойы мәртебесіз қалу себебін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының міндетті шараларды орындамауынан деп түсіндірді.

— 2023 жылғы 28 желтоқсандағы Президент Жарлығымен Семей қаласының құрамынан 12 ауылдық округ пен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу арқылы Жаңасемей ауданы құрылғаны белгілі. Сөйтіп, Шаған кентінің жалпы аумағы 3,5 мың гектарды құрайтын жерлері Бесқарағай ауданының құрамынан жаңа құрылған Жаңасемей ауданының құрамына берілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, облыстың жаңадан белгіленген әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекаралары туралы мәліметтерді Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры (ЖБМК) ақпараттық жүйесінің Жария кадастрлық картасына енгізу мақсатында тиісті материалдар «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ-ның Абай облыстық филиалына жолданды. Алайда ол корпорация мемлекеттік жер кадастрына деректерді уақтылы енгізу бойынша міндетті шараларды орындамаған, — дейді ол. 

Осыған байланысты Жаңасемей ауданының әкімдігі Шаған кентінің шекарасын белгілеу жерге орналастыру жобасын әзірлеп, тиісті бірлескен шешім қабылдаған.

2025 жылғы 15 сәуірде ауданның жер қатынастары бөлімі аталған материалдарды ЖБМК-ға өзгерістер енгізу үшін мемлекеттік корпорацияға жолдады.

Алайда олар Бесқарағай және Жаңасемей аудандарының шекараларын қайта бекіту қажет деп негізсіз себеппен бас тартқан.

— Жер беру және шекараны белгілеу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың шешімдері мемлекеттік жер кадастрына өзгерістер енгізуге жеткілікті құқықтық негіз болып саналады. Сондықтан біз бұл бас тартуды заңсыз деп есептейміз. Аудан шекараларын қайта бекіту талап заңда көрсетілмеген. Шаған кенті әкімінің прокуратура органдарына жүгінуі нәтижесіз болды. Аудандық прокуратура қарауды облыстық әкімдікке қайта жолдаумен шектелген. 2025 жылғы 1 қазанда Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр мемлекеттік корпорацияға қалыптасқан жағдайдың Шаған кенті мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсерін болдырмау мақсатында мәселені жедел шешу қажеттігін көрсетіп хат жолдады. Алайда бұл хат ескерілмей, корпорация тарапынан бұрынғыдай негізсіз бас тарту қайталанды, — дейді Индира Құлжанова. 

Осы мән-жайға байланысты басқарма мемлекеттік корпорация филиалының бас тартуын тексеру үшін Абай облысы жер ресурстарын басқару департаментіне шағым хат жолдады.

Жүргізілген жоспардан тыс тексеріс корпорация тарапынан заңнама талаптарының бұзылғанын және өзіне жүктелген функциялардың орындалмағанын анықтады. 

— Тексеру нәтижесі бойынша 2025 жылғы 4 қарашадағы № 182/63 нұсқама беріліп, мемлекеттік корпорацияға Шаған кентінің шекараларын ЖБМК базасына енгізу міндеттеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 342-1-бабына сәйкес Мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысына әкімшілік айыппұл салынды. Бұл жағдайдың Шаған кенті тұрғындарына қолайсыздық тудырғаны өкінішті. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар мәселені шешу үшін өз құзыреті шегінде барлық қажетті шараларды қабылдады, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

моноқала
Фото: Мерей Қайнарұлы

Кенттің болашағы бар ма?

Шаған кентінің мәртебесіз қалуы салдарынан 250-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуды, өндірістік нысандар салуды, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды, жергілікті бюджет кірісін айтарлықтай ұлғайтуды көздейтін ірі инвестициялық жобаның іске асуына қауіп төнген. Енді мәселе шешімін тапқан соң бұл қауіптің де бұлты сейілді. 

Әкімдік мәліметінше, Шаған кентінің шекарасынан «EMA LTD» ЖШС-ке асыл тұқымды гибридтік орталығы бар ет өндіру кешенінің құрылысын жүзеге асыру үшін жалпы алаңы 186,1 гектар жер учаскесі 3 жыл мерзімге уақытша пайдалану құқығымен берілген. 

Кәсіпорынның жылдық қуаты — 8 600 тонна ет, бір мезетте 32 000 бас малды бордақылау көзделген. Жоба ұлттық инвестициялық жобалар тізбесіне енгізілген, жалпы инвестиция көлемі — 41 млрд теңге. Іске асыру мерзімі — 2026 жыл. 

— Шаған кентін одан әрі дамыту үшін инженерлік, әлеуметтік және экономикалық сипаттағы кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын кешенді іс-шаралар көзделген. 2026 жылы ұзындығы 3,1 шақырым болатын кентішілік жолдарға және кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, ұзындығы 2 шақырым сыртқы жарықтандыру желілерін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар келесі жылы жаңа медпункт салынбақ. 2027 жылы балалар ойын алаңын ағымдағы жөндеу және мал көметін орын салу қарастырылған. 100 орындық жаңа мектепті балабақшамен қоса инвесторлар қаражаты есебінен оффтейк-жоба механизмі арқылы салу мәселесі қаралып жатыр. Экономикалық тұрғыдан алғанда, кенттің дамуы «EMA LTD» базасында іске асырылатын жобаға және жұмыс орындарын құруға, агроөнеркәсіптік кешенді, қызмет көрсету саласын және шағын бизнесті дамытуға бағытталған жеке бастамаларды қолдауға сүйенетін болады, — дейді кент әкімі Ирина Попова. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Абай облысында сот жол жөндеген мердігердің өтінішін қанағаттандырмағаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар