Абай облысының параспортшысы сыйақыны министрліктен сот арқылы өндіріп алды

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында тұратын параармрестлингтен әлем чемпионы халықаралық жарыстарда жеңіп алған жүлделі орындары үшін қарастырылған ақшалай сыйақыларды сот арқылы өндіріп алды. 

Абай облысының параспортшысы сыйақыны министрліктен сот арқылы өндіріп алды
Фото: Kazinform

Абай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, спортшы 2021-2024 жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен әлем чемпионаттарында жүлделі орындар алған. Аталған жарыстар Бухарест, Анталья, Алматы және Кишинев қалаларында өткен.

Осы додалардың қорытындысы бойынша спортшы бірнеше мәрте әлем чемпионы және жүлдегер атанып, заңға сәйкес мемлекеттік ақшалай сыйақы алуы тиіс болған. 

2025 жылдың қаңтар айында спортшы Туризм және спорт министрлігіне тиесілі төлемдерді төлеу туралы өтінішпен жүгінген. Алайда ведомство құжат тапсырудың белгіленген мерзімі өтіп кеткенін алға тартып, төлем жасаудан бас тартқан.

Сот іс материалдарын зерделей келе, бұл уәжбен келіспеді. Анықталғандай, министрлік сілтеме жасаған он күндік мерзім спорт федерацияларына қатысты, ал спортшылардың өздеріне қолданылмайды. Сонымен қатар талапкер уәкілетті органға жеке өзі, белгіленген тәртіпке сай жүгінген. 

– Мемлекеттік орган заңда көзделген төлемнен бас тартуға құқылы емес. Сот әкімшілік талап-арызды қанағаттандырып, Туризм және спорт министрлігінің бас тарту туралы шешімін заңсыз деп танып, 2021, 2022, 2023 және 2024 жылдардағы әлем чемпионаттарында иеленген жүлделі орындар үшін ақшалай сыйақыларды төлеуге міндеттеді, - делінген ақпаратта. 

Сонымен қатар спортшының пайдасына 300 мың теңге көлемінде заңгерлік көмек шығындары өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, осыған дейін Семейде әскерге шақырылғандарды медициналық тексеруден өткізуге 40 млн теңге артық төленгені хабарланған.

Соңғы жаңалықтар