Абай облысындағы жылу желілерінің 63 пайызына жөндеу қажет
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 455 шақырым, оның 290 шақырымы қайта жөндеуге жатады. Бұл туралы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Облыстағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі – 63,8 пайыз. Семей қаласында – 68 пайыз, Курчатов қаласында – 35, Жарма ауданында – 75, Бородулиха ауданында – 63, Үржар ауданында – 30 және Абай ауданында – 25 пайыз. Жағдай өте ауыр, себебі, желілер 0,8 МПа гидравликалық сынаққа төтеп бере алмайды. Ал, қалыпты гидравлика – 1,6 МПа (16 кгс/см2). Облыс орталығының дамуын ескере отырып, 2023-2024 жылдары сағатына 118 Гкал жылу энергиясының тапшылығы екі есеге өсетінін атап өткен жөн», - дейді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Қазір Семейдегі «Ғаббасов» пен «Орталық» қазандықтарына сумен жылытылатын қосымша қуаты 20 Гкал/сағ қазандық орнатылып жатыр. Екі қазандықтағы былтыр басталған жұмысты аяқтауға республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлініпті. Бұдан бөлек, шаһардағы 3 жылу беру пункті мен 27 шақырым жылу желісін жаңарту да жоспарланып отыр. Бұған республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар, шаһардағы 13 жылу беру пункті мен 10 шақырымға жуық жылу желісін ағымдағы жөндеуден өткізуге, жылумен жабдықтау жүйесін ашық әдістен жабық тәсілге көшіруге облыстық және қалалық бюджеттен 2 млард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Семейдегі «Теплокоммунэнерго» мекемесінің директоры Серік Төленбергеновтің айтуынша, бұл қаражаттың өзі жеткіліксіз. Себебі, Семейдегі жылу желілерінің 68 пайызы ескірген. Қаладағы 322 шақырым жылу жүйесінің 249 шақырымын жаңалау қажет. Облыс орталығындағы 76 жылу беру пунктінің 42-сінің жағдайы мәз емес. Тіпті, 90 пайызға дейін тозып тұрғаны да бар. Шаһарды жылумен жабдықтаушы ұйым басшысының пікірінше, бірінші кезекте қаланың 35 пайызына жылу беріп отырған №1 Жылу электр орталығы, «Орталық», «103», «РК 1» және «РК 3» қазандықтарына тиесілі жылу желілерін толық ауыстыру қажет. Өйткені, шаһардың инфрақұрылымы жылдан-жылға емес, күннен-күнге тозып барады.
«Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына құны 150 млрд теңгеден асатын 30 жоба енгізілген. Бірақ, бес жылды күтіп отырсақ, көп уақыт жоғалтамыз. Қазір біз 19 жоба әзірлеп қойдық. Жобалық-сметалық құжаттарын жасау үшін меморандумға қол қойылды. Оның 13-і қаладағы жылу желілерін, 6-уы жылу қазандықтарын жаңғыртуға арналған. Алғашқысына 19, кейінгісіне 14 миллиард теңге қажет. Қорыта айтқанда, 2023 жылға – 34, 2024 жылға – 80 миллиард теңге қажет. Үкіметтен қосымша қаржы бөлінсе, 60 шақырымға жуық жылу желісін жаңалауға мүмкіндік туады», - дейді ол.
Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген 30 жоба аясында жылу көздерін жөндеуге 95,5 млрд теңге, желілерді жаңғыртуға 54,9 млрд теңге қаржы қажет.
Семей халқын сан жылдан бері сарсаңға салып келе жатқан жылу мәселесін шешу үшін Президент қалада жаңа Жылу электр орталығын салуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта маңызды нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Құжат жыл соңына дейін дайын болуға тиіс. Ал жылу орталығының құрылысына Абай облысын дамытудың кешенді жоспары аясында 480 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарланған.
Фото: semeynews.kz