Абай өз шығармашылығында «жүрек» сөзін 167 түрлі мағынада қолданған - Тұрсын Жұртбай

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай Семейдегі Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференцияға қатысып, баяндама жасады.

Тұрсын Жұртбай
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

Дәл қазір Семейде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Оған Түркия, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр өңірінен абайтанушылар мен әдебиеттанушылар, философтар мен тарихшылар қатысып жатыр. Конференцияда белгілі ғалым, абайтанушы Тұрсын Жұртбай «Шын жүрек - бір жүрек» тақырыбында баяндама жасады.

- Абай өз шығармашылығында «жүрек» сөзін 167 түрлі мағынада қолданған. Мысалы, орныққан жүрек, қуатты жүрек, ынталы жүрек, ыстық жүрек, қозғаушы жүрек, бұла жүрек, асау жүрек, асыл жүрек, долы жүрек, әлек жүрек, қайратты жүрек, момын жүрек, жуас жүрек, құбылмалы жүрек, сусыған жүрек, сезімтал жүрек, іңкәр жүрек, ғаділетті жүрек. Бұл тіркестер мен ұғымдар көркем оймен, сұлу сөзбен, астарлы, емеурінді мағынамен, ырғақпен, ұйқаспен өрнектеліп барып, тұтас бір көркем жүйеге айналып отыр, - дейді ол.

Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Абай жүректің 5 түрлі болатынын айшықтап көрсетіп кеткен.

- Оның біріншісі - таза жүрек. Ол дегеніміз, арамдықтан алыс, иман ұйыған жүрек. Екіншісі - шын жүрек. Бұл фәнидің қызығынан бақидің сынағын жақсы көретін пенденің жүрегі. Үшіншісі - қанағатшыл жүрек. Ол жамандықтан жиіркеніп, жақсылықты ұстанатын жүрек. Төртіншісі - мөр басылған жүрек. Бұл иманның есігі жабылған, хайуанмен тең өлі жүрек. Бесінші - науқас, ауру жүрек. Ол фәнидегі өмірі күйінішпен, күмәнмен, тұрақсыздықпен өтетін, құмарлыққа, ашкөздікке, әдепсіздікке бой алдырған, рухани дертке шалдыққан жүрек, - дейді жазушы.

Осы ретте, ол Абайдың «Ауру жүрек» өлеңінен үзінді келдірді:

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.

Кейде ыстық қан басып кетеді оны,

Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай.

Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,

Еркелік пен достықты ауру көрген.

Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты

Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.

Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп,

Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.

Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,

Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп.

- Егер адамда жүректің көзі ашылып, хақтың сәулесі түссе онда ол тазарады. Ал сәуле болмаса онда адам ақылдан бойын қашық ұстап, тек күнкөріс қамымен жүреді. Асау жүрек қайнамаса, жүрек дер кезінде мінез көрсетпесе жуасып, жасып кетеді, - дейді Тұрсын Жұртбай.

Абайдың 180 жылдық мерейтойы
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы

Айта кетейік, конференция басында облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мұхтар Әуезовтің немересі, түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов конференцияның ашылуында құттықтау сөз сөйледі.

Еске салсақ, осыған дейін «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысында Мақсат Ақанов жеңімпаз атанғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар