Абай полицейлері 405 көліктен тұратын колоннаны елді мекендерге жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында полицейлер автокөліктердің ұйымдасқан қозғалысын қамтамасыз етті, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Абай облысында күрделі жол жағдайында полиция қызметкерлері негізгі бағыттар бойынша автокөлік құралдарының ұйымдасқан түрде өткізілуін қамтамасыз етіп жатыр.
Қалбатау — Аягөз / Аягөз — Қалбатау бағыттары бойынша екі бағытта 405 автокөліктің қозғалысы бақылаумен жүзеге асырылды. Оның ішінде 261 жүк көлігі, 3 автобус және 141 жеңіл автокөлік бар.
Сонымен қатар Қалбатау — Аягөз бағыты бойынша 129 жеңіл автокөлікке бір реттік өткізу ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек Қалбатау — Көкпекті / Көкпекті — Қалбатау бағыттары бойынша автоколонналардың қозғалысы қамтамасыз етілді. Көкпекті елді мекенінен Қалбатау бағытына қарай 129 автокөліктен тұратын колонна жолға шықты. Оның ішінде 106 жеңіл көлік, 16 жүк көлігі және 7 «Газель» типті автокөлік бар. Ал Қалбатаудан Көкпекті бағытына қарай 38 көліктен құралған автоколонна шығарылды. Оның құрамында 22 жеңіл көлік, 14 жүк көлігі және 2 «Газель» болды.
— Қозғалыс арнайы жол техникасының сүйемелдеуімен жүзеге асырылды. Автоколонналардың қозғалысы полиция қызметкерлерінің бақылауымен, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізілді. Қазіргі уақытта полиция жол жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр және жүргізушілерді ауа райы жағдайларын ескеруге, полиция қызметкерлерінің талаптарын орындауға, сондай-ақ шектеулер енгізілген кезеңде алыс жолға шықпауға шақырады, — делінген хабарламада.
Осыған дейін Абай облысының полицейлері 100-ден астам көліктен тұратын автотізбекке жол көрсеткенін жазғанбыз.