Абайды алғаш зерттеушілердің бірі - Мұратбек Бөжеевтің туғанына 100 жыл толу аталып өтті
АЛМАТЫ. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы М.Әуезов мұражай үйінде көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымының докторы Мұратбек Бөжеевтің туғанына 100 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Шараға ғалымның әріптестері, ұрпағы, жазушылар, жерлестері қатысып, еске алды. Сондай-ақ арнайы деректі фильм көрсетіліп, оның өмірі мен қызметіне арналған көрме ұйымдастырылды.
«Мұратбек Бөжеев бүкіл ғылыми қызметінде қазақ ақындары мен жазушыларының шығармаларын текстологиялық зерттеу ісімен айналысты. Ол 1917 жылға дейінгі қазақ әдебиетінің тарихын жетік білген үлкен маман болды. Ғалым араб әрпімен жазылған қолжазбаларды қазіргі әріпке түсіруде үлкен жұмыстар жүргізіп, бұған дейін айтылмай келген көптеген ақындардың есімін ашты. Оның бірі - Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларын баспаға жеке жинақ етіп дайындады. Осындай іргелі зерттеулерімен қазақ әдебиеттану ғылымын байытқан адам», - дейді шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов.
Осы институттың абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабайдың айтуынша, Мұратбек Бөжеев Абай шығармашылығын зерттеушілердің бірі болған. «Ол өзінің ұстазы Мұхтар Әуезовпен бірге Абайдың 1940 жылы шыққан екі томдық шығармалар жинағын дайындауға қатысты. Ол өз еңбектерінде Абай туындыларының идеялық-көркемдік және өлең құрылысы ерекшеліктерін зерттеді, Абайдың ақындық айналасы туралы іргелі еңбектер жазды», - дейді С.Қорабай.
ҚазАқпарат анықтамасы: М.Бөжеев 1925 жылы Семей қазақ педагогикалық техникумын, 1932 жылы Мәскеудегі педагогикалық институтты бітірген. 1934-1938 жылдары Мәскеу тарих, философия және әдебиет институтының аспирантурасында оқыған. 1934-1941 жылдары Қазақ педагогикалық институты мен Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушы, КСРО ҒА Қазақ филиалының кіші ғылыми қызметкері болып істеген. 1942 жылы жазықсыз айыпталып, сталиндік лагерде қамауда болған. 1956 жыл ақталып, қайтадан ғылыми қызметпен айналысқан. М.Әуезовтың әдеби-мемориалдық мұражайын ұйымдастырушылардың, оның 12 томдық шығармалар жинағын дайындаушылардың бірі, ұлы жазушының библиографиялық көрсеткішін құрастырушы. Абайды, Мәшһүр Жүсіп Көпеевті алғаш зерттеушілердің бірі. Сондай-ақ Бұқар жырау, Мұрат, Шортанбай, Шәкәрім, Н.Наушабаев туралы іргелі еңбектер жазған.